Ресей әскери сарапшысы соғыста РФ жеңетініне күмән білдірді
МӘСКЕУ. 19 мамыр. Ресейдің отставкадағы полковнигі және әскери сарапшы Михаил Ходаренок «Россия-1» телеарнасында сөйлеген сөзінде «арнайы операцияның» табысты аяқталатынына ашық күмән келтірді. Бұл туралы Meduza хабарлады.
Әскери сарапшы «Россия-1» арнасындағы «60 минут» бағдарламасының эфирінде енді уақыт ұзаған сайын Ресей армиясының Украинадағы жағдайы нашарлай беретінін айтып, «одан тез шығып кету» керек екенін баяндады.
Полковник өзінің монологянда Украинадағы мобилизация мен Киевке келіп түсетін қазіргі заманғы озық қару-жарақтың көбейе беретіні РФ үшін жағдайды тек ушықтыра түсетінін алға тартты. Қазіргі геосаяси ахуалды бағалай келіп, ол Ресейдің бұдан әрі толық оқшаулану жағдайында тіршілік ететінін атап өтті.
«Жалпы стратегиялық ахуал мынада, Украина Қарулы күштері бір миллион адамның қолына қару беріп, майдан даласына шығара алады… Енді әні-міне дегенше, америкалық ленд-лиздің жұмысына кірісіп кететіні мен еуропалық көмектің күшейе түсетінін еске алсақ, украинның қолдарына қару ұстаған миллион солдатының бола қалатынын нақтылы шындық деп қабылдауымыз керек. Сосын біздің өзіміздің де жедел-стратегиялық есеп-қисаптарымызды електен өткізіп келіп, бұл бағытта алда жағдайымыздың тек ашықтан-ашық нашарлай беретінін ескеруіміз керек», – деді Ресей Бас штабының бұрынғы қызметкері.
«… Біздің әскери-саяси жағдайымыздың ең басты олқылығы, біз толық геосаяси жалғыздық сипатында қалып тұрмыз, ашығын айтып, мойындауымыз керек, қанша қаламасақ та, іс жүзінде бүкіл әлем бізге қарсы тұр… Енді сіздер айтып тұрған Үндістан мен Қытайға келсек, олардың біздің елімізді қолдауы тікелей де, шартты да бола алмайды. Бізге қарсы 42 ел коалиция құрып отырса, оны ешбір қалыпты жағдай деп қабылдауға келмейді, ал біздің әскери-саяси және әскери-техникалық сипаттағы мүмкіндіктеріміз қалай дегенде де шектеулі. Одан қайткенде де шығуымыз керек», – деп мәлімдеді сарапшы.
Ходереноктің мәлімдемесі батыс және украин БАҚ-тары ортасында үлкен дүмпу туғызды. Журналистер осы соғыс басталғалы бері цензурасы шамадан тыс күшейіп тұрған Ресей телевидениесінде іс жүзінде тыйым салынған әңгіменің бұлай көтеріліп кетуі нені білдіреді? Бұл шынымен Путиннің билігі төмендей бастағанының белгісі ме? Әлем сарапшылары қазір осының жайын да талқыға салып жатыр.