Гиркин Путинді Каддафидің тағдыры күтіп тұрғанын айтты
КИЕВ. 2 мамыр. Мойындалмаған «ДХР» содырларының бұрынғы басшысы Игорь Гиркин РФ президенті Путинді алда Каддафидің тағдыры күтіп тұруы мүмкін екенін білдірді. Бұл туралы Obozrevatel хабарлады.
Ол Украинадағы соғыстағы сәтсіздіктер Ресейдің ыдырауына әкелуі ықсан екенін айта келіп, Владимир Путинді Ливияның лидері Муаммар Каддафидің пешенесін бастан кешетінін тұспалдады.
«Украинаға қарсы соғыстың қорытындылары бойынша Ресейдің ыдырауы және елде азамат соғысы басталып кетуі ғажап емес. Мұндай жағдайда Ресей Федерациясы саяси элитасының басым бөлігі қырғынға ұшырайды», – деді Гиркин.
Терроршы Ресей насихаты күн сайын РФ-ның Украинадағы «табыстары» туралы баяндап тұрғанын, бірақ шын мәнінде оккупанттар шабуылының тұйыққа тіреліп қалғанын Telegram-да арнайы жазды.
«ДХР» лаңкестерінің бұрынғы атаманы қазіргі қалыптасып тұрған жағдайда Ресей армиясының тек сәтсіздікке ұшырайтынына кәміл.
«Ресей бұл соғыстың қорытындысы бойынша не қайта түлейді, не түбегейлі ыдыраудың үдерісін бастап кетеді, мұның соңы зор апаттар мен зардаптарға алып баратын бұлғақтар мен азамат соғыстары сериясына ұласады. Жоғарыда аталған екі варианттың қай-қайсысы да өздерін «Ресей элитасы» деп атап алған «жарым-жартылай ақылды бактериялар мәдениетінің» көп бөлігін жойылып кетуге және қаза табуға апарып соқтырады», – деп мәлімдеді Гиркин.
Ол сондай-ақ РФ үшін әлі соғыстың күйреу кезеңі келе қоймағанын атап көрсетті. Ол алда, соғыстың ең ақырғы, шешуші фазасы тұсында көрініс береді. Сонымен бірге, РФ-ның басшысы Путиннің келешегінен Ливияның көтерілісшілер қолынан қаза тапқан лидері Муаммар Каддафидің тағдырын күтуге болатынын ашық аңғартты.
Бұдан бұрын Гиркин Украина Қарулы күштерінің Қырым көпірін кез келген, қалаған және қажет деп тапқан уақытында қирата алатынын айтқан болатын. Ол – уақыттың сұранысын күтіп тұрған нәрсе.
Бұдан да бұрын құқық қорғаушы Марк Фрейгин өзіндік ойы бар Гиркиннің мұндай «пікірлерінің» Ресей Федералды қауіпсіздік қызметі үшін тиімді екенін де атап өткен еді.