Қатауов: Қазақстанның негізін салған Назарбаев емес
Белгілі қоғам қайраткері Талғат Қатауов Назарбаевты Қазақстанның негізін салушы деп, саяси тұлғаға теңеген заң ғылымдарының докторы, профессор Ермек Әбдірасуловқа ашық хат арнап, оны осы тақырыпта өзімен дебатқа түсуге шақырды.
Автор өзінің бұл хатын редакциясмызға арнайы жолдады.
Біз бүгін аталмыш үшбу хатты сол қалпында жариялап отырмыз.
Ашық хат!
Конституциялық реформа жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, заң ғылымдарының докторы, профессор Ермек Әбдрасуловтың: «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев – Тәуелсіз Қазақстанның негізін салушы. Яғни, бұл мәртебе анықталады. Бұл үлкен маңызға ие болады деп ойлаймын, өйткені еңбектері белгілі, объектив деректі бәріңіз көрдіңіздер, бүкіл әлем көріп отыр, ол Конституцияда бекітіледі», деген сөзі Қазақстан халқының 99 пайызының ашу-ызасын келтіріп, әлеуметтік желіде жұрттың жаппай наразылығын туғызды.
Қазіргі таңдағы ең өзекті саяси мәселе бойынша халықтың мүддесін қорғай, ұрпақ болашағын ойлай отырып, профессор Ермек Әбдірасуловты Қазақстанның кез келген телеарнасында пікірсайысқа түсуге шақырамын және бұл шақыруыма сөзсіз жауап күтемін!
Халық жазушысы М.Әлімбаевтың «Халық күн ғой. Күннен де биiк бар ма? Күннен биiк болам деп күйiп қалма» деген даналық сөзіндегідей, жағымпаздар мен жемқорлардың, ұрылар мен сатқындардың сөзін сөйлеп, тарихты бұрмалаймын деп, халықтың мүддесімен ойнап, босқа күйіп қалмаңыз..
Профессор Әбдірасулов, Қазақ елінің негізін өалап, шекарасын бекіткен Алаш қайраткерлері екенін есіңізге саламын.
Біріншіден, Қазақ елінің шекарасын бекітіп, негізін салушылар, Алаш қайраткерлері Әлихан Бөкейханов пен Әлімхан Ермеков екенін ұмытпаңыз және тарихи тұлғалардың ұлы есімдері тарихқа алтын әріппен жазылып, жұрттың жүрегінде мәңгі сақталады.
Екіншіден, Алаш қайраткерлері 1920 жылы 26 тамыз күні Ленин мен Сталинге кіріп, Қазақстанның ұлттық мемлекеттік территориясын бекіттірді.
Үшіншіден, Керей мен Жәнібек хан тұсында құрылған Қазақ хандығының аумағына, яғни ата-бабаларымыздан ұрпақтары-бізге мирас етіп қалдырған үлкен аумақта 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасы автоматты түрде тәуелсіздігін жариялады.
Ал сіз қара басыңыз қамын ғана ойлап, жағымпаздықпен айтып отырған Нұрсұлтан Назарбаевтың шекараны белгілеуге еш қатысы, еңбегі мүлдем жоқ, яғни сіздің «Назарбаев Қазақстанның негізін салды» деуіңіз – саяси және тарихи тұрғыдан өрескел қателік.
Сіз қолдап отырған Н.Назарбаев Кеңес Одағының ыдырауымен автоматты түрде тәуелсіз ел болған Қазақстанның Республикасында сыбайластық-жемқорлық, жағымпаздар-ұрылар жүйесін құрған, кландық-олигархтар және К.Масимов т.т. секілді қылмыстық топтар басқарған жеке басқа табынушылық- суперпрезиденттік жүйенің негізін қалаушы.
«Алдымен – экономика, сосын – саясат» деген ұстанымды ұстанған Назарбаев 30 жылда не экономиканы, не саясатты қатырмады, екеуі де мүмкін болатын деңгейіне дейін әбден тұралап титықтады. Кемеңгер адам мемлекетті бұлай басқармайды.
Қазір әмбеге аян, мұның орына ол:
- Халықты жалған мәлімет пен даңғаза ұран, құр сөз, нәтижесіз Үндеулер, баянсыз мемлекеттік бағдарламар арқылы алдап, әлемде дамыған 20 елдің қатарындамыз деп, билік ақпарат құралдарымен таңнан кешке дейін саналарына құйып келді.
Шын мәнінде, қазба байлыққа бай Қазақ елінің халқы Африка елдері халқының деңгейімен бірдей болып, қайыршы-кедейшілік күнін кешті. Бұған қарама-қарсы, Назарбаевтың өзі, отбасы, тума-туыстары, құда-жекжаттары, құрдас-таныстары шексіз билікке ие болып, халықтың қазынасын тонап, әлемдегі ең бай адамдар қатарына енді.
- «Саяси партиялар», «Бұқаралық ақпарат құралдары», «Сайлау», «Қоғамдық бірлестіктер», «Бейбіт митингілерді өткізу» т.т. туралы Заңдары елімізде азаматтық қоғам орнатуға кедергі болып, демократиялық құндылықтардың тұншықтырды.Қазақстан азаматтарының конституциялық және заңдық құқықтары өрескел тапталды. Қоғамда әділетсіздік, заңсыздық, бассыздық, келеңсіздік, жұмыссыздық белең алды.
Ал биліктің өтірік сөздеріне жемқорлар-жағымпаздар, ұрылар-сатқындар, топастар, ақымақтар, имансыз имамдар, қара басын ғана ойлайтындар ғана сеніп, Назарбаевты өздеріне «күн көсем» етіп алып, халықтың келісімінсіз өтірік референдум жасап, Ата заңымызға «Тұңғыш Президенті – Елбасы» деген мәртебе енгізіп, Конституцияда орасан қайшы артықшылық пен өкілеттілік берді.
Әбдірасулов, бұл жерде, бұл мәселеде сіздің пікіріңіздің құны көк тиын, Қазақ елінің болашағын референдум арқылы халықтың өзі шешеді.
Ата заңымыздың 14-бабында: «Заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең» деп анық жазылған.
Яғни, ең негізгі, ең басты заңымыз-Конституциямызда Назарбаевтың есімі жазылмауы тиіс және Назарбаевқа ешқандай артықшылық, ерекшелік, өкілеттілік берілмеуі тиіс.
Ендеше, Конституциямыздың 46-бабы 4-тармағындағы: «Қазақстанның Тұңғыш Президентінің мәртебесі мен өкілеттігі Республика Конституциясымен және конституциялық заңмен айқындалады» және 91-баптың 2-тармағындағы: «Конституцияда белгiленген мемлекеттiң тәуелсіздігі, Республиканың бiртұтастығы мен аумақтық тұтастығы, оны басқару нысаны, сондай-ақ тәуелсіз Қазақстанның Негізін салушы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы іргесін қалаған Республика қызметінің түбегейлі принциптері және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының мәртебесі өзгермейді» делінген бапқа наразылық білдіреміз және бұл баптардың Ата заңнан біржолата алынуын талап етеміз!
Талғат ҚАТАУОВ,
тәуелсіз кәсіподақ ұйымының төрағасы, республикалық «Жемқорлық және заң» газетінің тілшісі.
Тел.87086297116