АҚШ Украинаға Ресейді жеңгеніне дейін көмектеседі – Пелоси
КИЕВ. 2 мамыр. Кеше Украинаға келген АҚШ Конгресі өкілдер палатасының спикері Нэнси Пелоси Вашингтонның Киевке Мәскеуді жеңгеніне дейін жәрдем беретінін мәлімдеді. Бұл туралы The New York Times хабарлады.
Құрама Штаттар Украинаға кең ауқымды экономикалық және гуманитарлық қолдау көрсетеді. Вашингтон Киевке Мәскеуді тұралатып жеңгеніне дейін қару-жарақ пен қаржыдан жәрдемдеседі.
Украина президенті Владимир Зеленский мәртебелі мейманмен жүргізілген келіссөздің мәнді де көп қырлы болғанын атап өтті.
«Америка Украина түпкілікті жеңіске жеткенше қолдау жасайтын болады», – деді Пелоси Киевке жексенбі күні келген сапарында.
Пелоси Зеленскийді «керемет кісі» деп атап өтіп, онымен өткен кездесудің өте жоғары деңгейде болғанына ризалық білдірді. Ол өздерінің үш сағатқа созылған келіссөзіне «лидерлік жөніндегі керемет мастер-класс» деген баға берді.
Пелоси Зеленскиймен кездесуін америкалық революционер Томас Пейннің бір кездері қалдырған сөзімен бастады. «Уақыттың өзі бізді іздеп тапты. Біз Украинаның да уақыты келгеніне сенеміз», деп жазған еді ол 1776 жылы», – деді ол. Бұл күрес күллі әлемде демократияның сақталып қалуына көмектеседі, дегенді қосты қадірменді қонақ бұған.
Америка делегациясы құрамында келген АҚШ Конгресінің өкілдері Киевке сапарлары кезінде өздерінің Украинаны қолдайтындарын білдірді. Мәселен, Конгреске Массчусетс штатынан сайланған Джим МакГовери қазір Ресейдің тек украин халқымен ғана емес, прогресшіл бүкіл адамзат баласымен соғысып жатқанын айтты. «Мен Украина немесе бүкіл әлем аштан қата ма, жоқ па, ол Путинді ешбір мазаламайды деп ойлаймын. Ол жеке басының амбициясына бола соғыс әлегін салып жатыр. Путиннің соғысы – бұл зұлымдық», – деді ол.
Нэнси Пелоси Киевте Владимир Зеленскиймен кездесті. / фото president.gov.ua