«Путинде артқа шегінер жол жоқ». Келесі кезекте – Молдова
КИЕВ. 24 сәуір. Украинадағы соғыста жеңіліске ұшыраумен бірге, әлем алдында масқарасы шыққан Путиннің «бұдан кейін» қолға алатыны Молдова болатын түрі бар. Бұл туралы Obozrevatel хабарлады.
Порталға сұхбат берген әскери сарапшы Алексей Мельник Ресей диктаторы Владимир Путин Донбаста жеңіске жеткен жағдайда Молдоваға ауыз салуы мүмкін екенін айтты.
«Ресейдің Украинаға қарсы соғысының екінші фазасындағы жоспарына қарағанда, Кремльдің біздің елімізбен шектеліп қалмайтыны анық көрініп тұр. Оның келесі нысанасы – Молдованың Днестр жағалауы, ал одан әрі – Калининградқа құрғақтан баратын дәліз ашу», – деп түсіндірді Мельник.
Мұның екіншісі қолға алынатын болса, ол тек Литва жері арқылы ғана жүзе асырылмақ. Бұл жағдайда НАТО-ның өзіне мүше мемлекеттің қауіпсіздігін сақтап қалуға атсалысатыны тағы анық. Мұның соңы Үшінші дүниежүзілік соғысқа айналып кетуі әбден кәдік. Тіпті күмәндануға болмайтын айғақ.
Сарапшының пайымынша, Путиннің бұл операцияларының сәтті не сәтсіз аяқталуы Еуропа елдерінің Украинаға көмектесуге қаншалықты дайын екеніне байланысты болмақ.
«Бұл міндеттерді жариялап қойғандарынан кейін Путиннің артқа шегінер жері қалмағанын байқау қиын емес – ол өзіне қаншалықты зардап әкелетін болса да, осы мақсатынан қайтпай, алға ұмтыла бермекші. Мұнда агрессорды Батыстың қолдау көрсетуімен, украин армиясының күш-қуатымен тоқтату шешуші фактор болғалы тұр», – деп есептейді Мельник.