Украина әскерлері кеше жаудың 17 нысанасын атып түсірді
КИЕВ. 24 сәуір.Украина Әуе күштері мен Жаяу әскерлері бөлімшелері 23 сәуірде жаудың 17 нысанасын жойып жіберді. Бұл туралы «Украинская правда» хабарлады.
Бас штаб мәлімдемесінде 9 беспилотниктің, 3 ұшақтың және 5 қанатты ракетаның жойылғаны айтылады.
Әуе күштері командованиесінің спикері Юрий Игнат елді азат ету соғысының 59-шы күнінде де жауды шығынға ұшырату жалғасқанын атап өтті. Оның айтуынша, Су-34, Су-35, Су-25 ұшақтары, «Орлан-10» типтес 9 беспилотник, 5 қанатты ракета (оның екеуі Одесса аспанында) жойылған.
Украина президенті Владимир Зеленский кеше кешке бұқаралық ақпарат құралдарына берген брифингінде егер Мариуполь тұрғындары жойылып кететін болса немесе РФ Украинаның оккупанттар уақытша басып алған территориясында әлдеқандай бір «псевдореферендум» өткізетін болса, бұл мемлекетпен ешқандай да келіссөз жүргізілмейтінін, соғыстың ақырына дейін баратындарын мәлімдеді. Ол басқыншылардың теңізден де, құрғақтан де украин жерлерін атқылап жатқанын, бұдан бір сағат қана бұрын Мариупольді қорғаушы «Азов» батальоны жауынгерлерімен сөйлесіп, жағдайға тағы қаныға түскенін айтты.
Президент Мариуполь мен басқа қалалар блокаданы бұзып шығуға әзірге қару-жарақ пен соғыс техникаларының аздық етіп тұрғанын, ал алда олар көбейген кезде сөзсіз қарсы шабуылға шығатындарын жеткізді. Ол бірер күнде Украинаға АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен мен Қорғаныс министрі Ллойд Остиннің келгелі жатқанын, сол кезде бұл мәселені оңынан шешіп алуға әрекет жасайтындарын баяндады.
«Құдай қолдаса, біз жау қолында кеткен барлық территориямызды қайтарып аламыз. Бұл – 10-20 жылдық мерзімді күтетін мәселе емес, ол 2014 жылдан бергі де мәселе емес. Бұл мәселені қолымызға жеткілікті қару-жарақ тигеннен кейін-ақ бірден жүзеге асыруға кірісіп кетеміз. Демек, оған тым көп қалған жоқ», – деді ол.
Зеленский журналистердің сауалдарына жауап бере тұрып, Путинмен кездесу өте қалса, сол кезде өзіне қастандық жасалуы жайынан ой тарқатты. «Мен онымен жеке кездесуді әуел басынан талап еткенмін. Араға делдал қатыстырмайтын кез келген форматтағы кездесуге дайын екенімді айтқанмын. Мен бұл соғыс қалай тез басталса, солай жедел аяқтауға болады деп есептеймін. Ал өзіме қастандық жасалуы жайына келсек, мен одан қорықпаймын. Бұдан менің күзетім қатты қорқады, ашығын айтқанда. Менің отбасым қатты қорқады. Барынша ашығына көшсек, айтарым», – деді президент.
Киевтегі метрода өткен баспасөз мәслихатының соңында Украина лидері осы соғыстан бастап халықаралық терминологияға «рашизм» деген сөз қосылғанын атап өтті. Бұл термин енді әртүрлі оқулықтар мен энциклопедияларға еніп, оған жан-жақты түсіндірме беріледі, оның шығу тарихы және қайдан шыққаны айтылады. Орыс шовинизмі ұғымы барлық деңгейлерге жеткізіледі. Бұл қорлықтан Ресей мен оның халқы енді ешқашан құтыла алмайды.
Ал бүгін Ресей әскерлерінің Украина шекараларына «Искандер» қондырғылары шоғырландырып жатқаны белгілі болды.