Белгілі мольфар Путиннің келешегі жөнінде болжам білдірді
КИЕВ. 16 сәуір. Украинның белгілі мольфары Ресей президенті Владимир Путиннің жақын уақыттарда ауыр науқастан өлетінін айтты. Бұл туралы DonPress хабарлады.
Көріпкелдік көрсетіп отырған Украинада тұратын ең жас мольфар Орест Стафийчук екен.
Ол Владимир Путиннің қайтыс болуымен бірге, Ресейді ыдырау үдерісі күтіп тұрғанын, елдің әлем картасынан жоқ болып кетуі ықтимал екенін атап өтті.
Мольфар сондай-ақ Украина ахуалының алда жақсаратынын баяндай келіп, Ресейдің бұл соғыстан тартатын зардабының орасан зор болатынын айтып берді.
«Егер Ресей Федерациясы тарапынан агрессия бұдан әрі жалғаса беретін болса, оны сұмдық күйреу, дағдарыс, күйзеліс, аштықтан туатын көтеріліс күтіп тұр, мұның соңы елдің бірнеше бөлікке бөлініп, территориясы басқа мемлекеттерге берілуіне апарып соқтырады. Былайша айтқанда, Ресейдің әлем картасында мүлде жоғалып кетуі де кәдік», – деді Стафийчук.
Мольфар бұған Путиннің алдағы екі жылдың көлемінде бақилыққа аттанып кететінін, ажалдың онкологиялық кеселден келетінін қосты.
Біздің анықтама
Мольфар (украин сөзі) – ертедегі гуцулдар арасында кездесетін ерекше қабілеттері бар көріпкел, емші, тәуіп, құшнаш адам. Ол табиғаттың құбылыстарын өзінің дұғасы мен тілегіне пайдалана отырып, емшілікпен де айналысқан. Шөптердің дәрі-дәрмектік қасиеттерін өте жақсы білген.