Украинада рашистер қолынан 200-ге жуық бала қаза тапты
КИЕВ. 14 сәуір. Украинада Ресей оккупанттары соғыс қимылдарын жүргізіп жатқалы бері 197 бала қаза тауып, 351 бала әртүрлі дене жарақатын алды. Бұл туралы УНИАН хабарлады.
Украина Бас прокуратурасының офисі Telegram-да осы жайында баяндады.
«Ресей Федерациясы 2022 жылғы 24 ақпанда агрессия бастағалы бері Украинада 197 бала қаза тауып, 351 бала әртүрлі ауырлық дәрежесіндегі жарақаттарды алды. Бұл – түпкілікті мәліметтер емес, себебі, басқыншылар уақытша басып алған және азат етілген территориялардағы мәліметтерді анықтау жөніндегі жұмыстар әлі жүріп жатыр», – делінген хабарламада.
Әзірге ювеналды прокурорлар берген ақпарларға сәйкес, қай жерде қанша баланың қаза тапқаны былайша белгіленіп отыр:
Донецк облысы – 115, Киев облысы – 105, Харьков облысы – 81, Чернигов облысы – 54, Николаев облысы – 40, Херсон облысы – 38, Луганск облысы – 36, Запорожье облысы – 23, Киев қаласы – 16, Сумы облысы – 16, Житомир облысы – 15.
Бұдан бөлек, басып алынған территориялардан оккупанттардың өте көп мөлшерде балаларды әкетіп жатқаны да айтылуда. Олар Ресей деревняларында тұратын тұрғындарға бөліп беріліп жатқан көрінеді. Бұдан екі күн бұрын солардың бір тобы Мордва республикасында таратылып жатқаны жайлы ақпар тарады.