РФ министрі Шойгу – реанимацияда, 20 генерал қамауға алынды
МӘСКЕУ. 14 сәуір. РФ Қорғаныс министрі Сергей Шойгу жансақтау бөлімінде жатыр, министрліктің 20-ға жуық генералы шұғыл тұтқындалды. Бұл туралы Obozrevatel хабарлады.
Қорғаныс министрі аурухананың жансақтау бөліміне кең ауқымды инфаркт диагнозы бойынша жеткізілген. Ол өмір сүруді қамтамасыз ету аппаратына қосылған.
Ресей мен Израиль елдерінің қоғам қайраткері, «Юкостың» бұрынғы тең құрылтайшысы Леонид Невзлин сонымен бірге Ресейдің 20-ға жуық генералының шұғыл түрде қамалып, құлып астына алынғандарын мәлімдеді.
Невзлин өзінің Мәскеудегі жеке мәнбелеріне сүйене отырып, Шойгудың кең ауқымды инфарктпен жансақтау бөліміне жатқызылғанын, РФ министрінің бұдан тірі қалар-қалмасы белгісіз екенін атап өтті.
«Шойгу осымен ойыннан шықты, егер тірі қалса да, мүгедектің күйін кешеді, ол қазір реанимацияда жабдықтардың күшімен ғана жатыр. Сол сияқты инфарктты табиғи себептермен емес, қолдан жасалған жолмен алуы ықтимал екені жөнінде де қауесет тарады», – деді қайраткер тағы.
Невзлиннің мәнбелері Ресей армиясының жоғары әскери басшылығы қатарында жаппай тұтқынға алу басталып кеткенін баян етеді. Қазір кемінде 20 генерал қамалған. Оларға Ресейдің Украинаға қарсы соғысында жеңіліске ұшырауына апарып соқтыратындай орасан зор көлемде қаржы талан-таражын жасады деген айып тағылып жатқан сияқты.
«Қорғаныс министрлігінің 20 генералы тұтқындалды. Бәрі де – штабтан. Мұнда бәрі айқын – олар Украина басшылығы мен тұрғындарын Ресей армиясын азат етушілер ретінде салтанатты жағдайда қарсы алуға дайындау үшін жұмсалуға тиісті қаржыны жаппай талан-таражға түсірген. 2014 жылдан бері Путиннің блицкриг әзірлеуге бөлген қаржыларының 10 млрд долларға жуығын өздері ұрлап, жоқ қылған», – деді Невзлин.
Путин ашуының қаһарына сондай-ақ Дмитрий Медведев Үкіметінің кезінде вице-премьер болған Аркадий Дворковский мен Кремльдің Донбаста құрып берген «халық республикаларының» кураторы Владислав Сурков та ілінді. Бұлардың біріншісінің үстінен қылмыстық іс дайындалып жатыр. Ал екіншісі соғысқа дайындыққа бөлінген ақшаны қымқырды деген айыппен әзірге үйқамақта отыр.