Ресей армиясы Украина қалаларын атқылауды жалғастырды
КИЕВ. 14 сәуір. Кеше түнде Ресей әскерлері Украинаның көптеген қалалары мен елді мекендерін атқылауды жалғастырды. Бұл туралы «Украинская правда» хабарлады.
«14 сәуірге қараған түні Ресей әскерлері Херсон облысын, Харьков пен Изюмді атқылауды жалғастырды, Донецк және Луганск облыстарының қалаларын ұдайы оқтың астына алды, блокададағы Мариупольден бейбіт тұрғындарды сыртқа шығарған жоқ», – делінген хабарламада.
Харьковте түнімен атыс тоқтамаған. Зардап шеккендер жөніндегі ақпар анықталуда. Әзірге облыс бойынша 10 адамның жарақат алып, 4 адамның қаза тапқаны анықталды.
Изюмде де күндіз-түні атыс жүріп жатыр.
Луганск облысында минометтен атқылау саябырсымады. Бәрінен көп соққы Золотое селосына берілуде. Мұнда гуманитарлық дәліздің жоқтығына қарамастан, 400 адам эвакуация жасалды.
Ресей әскерлері Донецк облысында майдан шебіне соққылауды жалғастырып жатыр. Сол себеппен Авдеевка, Очеретинская, Марьянка, Торецкая община атыстың астында қалды. Тәулікте 11 адам жарақат алды. Бұдан бөлек, 34 нысан, соның ішінде 22 тұрғын үй қиратылған.
Ресейліктер басып алған территорияларда мародерлік тыйылатын емес.
Соғыс басталғалы бері Ресей армиясы украин жерінде 19 900 солдатынан айырылды. Сол сияқты оккупанттардың 160 ұшағы, 500-ден аса танкісі, 144 тікұшағы жойылды.
Тәулік ішінде Ресей армиясының тағы бір жоғары шенді офицерінің көзі құртылды. Бұл жолы Таман дивизиясына қарасты бірінші гвардиялық мотоатқыштар полкінің командирі полковник Денис Межуев «200-жүк» жәшігімен еліне қайтарылды.
Бұдан екі күн бұрын Ресей армиясының Шешенстаннан келген 42-ші мотоатқыштар дивизиясы 291-ші гвардиялық мотоатқыштар полкының командирі подполковник Дибир Дибировтың оққа ұшқаны аян болды.