Президент мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылтуды көздейді
АСТАНА. 14 сәуір. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиядан арылту туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл туралы «ҚазАқпарат» хабарлады.
«Бюрократиядан арылтудың негізгі қағидаттары форма мәнінің басымдығын, бастапқы қалпы бойынша цифрландыруды, басқарушылық жауапкершілікті, үздіксіз жетілдіруді, регламенттеудің оңтайлылығын айқындайды», – делінген хабарламада.
Жарлықта жүйелі және қолданбалы шаралар кешені атап көрсетілген. Олардың жүзеге асырылуы мемлекеттік аппаратта шешімдердің қабылдануын жылдамдатады, мемлекеттік органдардағы бірінші басшылардың дербестігі мен жеке жауапкершілігін арттырады, құжат айналымы мен есеп берушілікті қысқартады.
Соның ішінде жүктелген міндеттерді жылдам жүзеге асыру үшін мемлекеттік органдарға нормативтік құқықтық актілерді өздерінің функцияларын заңнамалық деңгейде нақтылап жатпай-ақ қабылдауға құқық беріледі.
Кешенді реинжиниринг негізінде норма шығару және бюджет үдерістерінің мерзімдері мен кезеңдері екі есе қысқарады.
Сонымен қатар ведомстволық есеп беру ісін жүйелеу және автоматтандыру, ақпараттық жүйелерде бар мәліметтерді мемлекеттік органдардың сұратуына тыйым салынады, қағаз түріндегі құжаттарға бұрыштама соғу және олардың парақтарына алдын ала қол қою жойылады; өкілеттіктерді орта деңгейдегі басқару буынына беру; қашықтан жұмыс істеу үшін мемлекеттік органдардың басшыларын құралдармен қамтамасыз етіп, жағдай жасау және басқа да мәселелер қарастырылады.
Төрешілдіктен арылту ісінде мемлекеттік басқарудың барлық саласын цифрлық трансформациялау және жүйелік реинжинирингтеу мәселесі маңызды болып отыр.
Аталған жұмыстардың негізгі бенефициарлары азаматтар болады. Бұған қоса, Жарлықта қамтылған шаралар түпкілікті нәтижеге әсер етпейтін, бірақ мемлекеттік қызметшілерді қажетсіз рәсімдер мен үдерістерден босатуға мүмкіндік беретін шаралар қарастырылған.