Украина әскерлері кеше жауды Золотое түбінде талқандады
КИЕВ. 11 сәуір. Украина Қарулы күштері өткен тәулікте Луганск облысының Новоайдар ауданындағы Золотое селосы түбінде ресейлік оккупанттарға күйрете соққы берді. Бұл туралы Donpress хабарлады.
Луганск облыстық әкімгершілігінің басшысы Сергей Гайдай Telegram-каналда украин әскерилерінің РФ-ның оккупант армиясы бөлімшелерінің шабуылдарын осы жерде тоқтатқанын баяндады. Алайда, оның айтуынша, жау Луганщинаның барлық қалаларын зеңбіректен атқылауын тоқтатпаған.
«Біздің облыста атқылаудан аман қалған бірде-бір инфрақұрылыстық нысан жоқ. Мұны ресейліктер біле ме? Иә, олардың машинада отырып, адамдарға және азық-түлік қоймаларына оқ жаудыратын ақпаратшылар бар. Сондықтан тұрғын үй қорына жасалған әрбір атқылауды бір мақсаттағы теракт деп қабылдауымыз керек», – деп атап өтті ол.
Гайдайдың айтуынша, Золотое селосынан қуып тасталғаннан кейін басқыншылар үйлерге қарай оқ жаудыра бастаған.
Хабарламада оккупанттардың атқылауы салдарынан Лисичанское, Северодонецк, Золотое, Кременная елді мекендеріндегі жеке үйлердің біразы бүліншілікке ұшырағандары айтылады.
Украина президенті офисі басшысының кеңесшісі Алексей Арестовичтің айтуынша, украиндар орасан зор адам шығыны мен экономикалық зобалаң әкелгел тұрған Донбасс шайқасын ақырына дейін атқарады. Украин халқы да, армиясы да Донбасты жаудың басып алуы вариантымен келіспейді. Мұндай жағдайда РФ-мен бейбіт келісім болуы мүмкін емес. Донбасс – Украина жері. Бітті. Нүкте!
«Соғыс қазір біздің сырттай ұдайы қару-жарақ алып тұратын, ал Ресейдің оларды алатын жерінің қалмайтын жағдайына келіп тұр. Бұл ұзақ уақытқа созылатын басымдық, біз соны қалайда пайдаланып қаламыз. Ақырындап, біртіндеп, сәкін-сәкін көрпені осылай өзімізге қарай тарта береміз. Рас, бұл біздің тарапымыздан әлі де көп қан төгілуін, қосымша күш жұмсалуын, орасан зор экономикалық шығындар жасалуын талап етеді», – деп жазды Арестович.
Осы аралықта Украина Бас штабы жаудың Мариупольді толық бақылауға алуға тырысып жатқанын жеткізді. Сондықтан қазір оккупанттар қаланы ұшақпен бомбылап, артиллериядан атқылауда. Ұрыс «Азовсталь» зауыты мен теңіз порты аудандарында жүріп жатыр.
Бас штаб сондай-ақ Украина АҚШ-тың Switchblade дрон-камикадзесін сынақтан өткізетін бірінші майдан болғалы тұрғанын да баяндады. Осыған байланысты украин солдаттары бірнеше апта бойы осы беспилотниктермен жұмыс істеуге үйретілген.
Өткен тәулік ішінде украин жауынгерлері Ресей басқыншыларының 200-ге жуық солдатын жер жастандырды. Бұдан бөлек, жаудың 2 ұшағы, 8 артиллериялық жүйесі, 3 дүркіндетіп ататын ракеталар жүйесі, 12 бронды машинасы, 4 тікұшағы, 5 танкісі, 7 беспилотнигі, 3 әскери машинасы, 3 қанатты ракетасы істен шығарылды.
Тұтастай алғанда, Донецк және Луганск облыстарында сөтке ішінде орыстардың 4 шабуылы қайтарылды.
Луганск облысында басқыншылардың қару-жарақ қоймасы жарып жіберілді.