Шольц Путинге «сен» деп сөйлеп, «Украинадан кет» деді
БЕРЛИН. 9 сәуір. Германияның федералды канцлері Олаф Шольц Ресей президенті Владимир Путинге қаратып, «сен» деп сөйлеп, одан Украинадан әскерін алып кетуді талап етті. Бұл туралы немістің DW газеті хабарлады.
Канцлер ресейлік диктатордың «19-шы, 18-ші, 17-ші және басқа ғасырлардан бері жұртқа мәлім» өзіндік империялық ой-қиялдың шырмауынан шыға алмай жүргенін мәлімдеді.
Бірақ мұндай идеяны XXI ғасырда жүзеге асыру мүмкін емес. Шольц сондықтан Путинді Украинада өзі тұтандырған соғыс өртін жедел өшіріп, әскерін елдің территориясынан шығаруға шақырды.
«Сен өз еліңнің болашағын қиратып жатырсың», – деді ол Любектегі Социал-демократиялық партияның сайлау алды шеруінде сөйлеген сөзінде Ресей президентіне «сен» дей тұрып.
Канцлер батыс санкцияларының қазірдің өзінде «Ресей экономикасы дамуына кері әсер ете бастағанына» тоқталды. Ол сондай-ақ Берлиннің бұдан былай да Украинаны қажетті қорғаныс қару-жарақтармен қамтамасыз ете беретінін Кремльге жеткізді.
Бұдан екі күн алдын Олаф Шольц соғыста Ресейдің жеңіске жетпеуі үшін Украинаға қару-жарақ беруді жалғастыра түсетінін мәлімдеген еді.
Осы тұста АҚШ президенті Джо Байден Украинаға жаңа қорғаныс көмегі пакетін жеткізетінін баяндады. Сондай көмек НАТО тарапынан да болады. Ал Австралияның жіберген соғыс машиналарының алғашқы партиясы кеше келіп жетті.
Қазір Ресей мен Украина Донбасс үшін болатын шешуші шайқасқа дайындалып жатыр.