Украина РФ-ның 3 екпінді, 1 әуе армиясын талқандады – Арестович
КИЕВ. 21 наурыз. Ресей соғыс ашып, жеріне басып кіргелі бері Украина тарапы жаудың үш екпінді армиясын және бір әуе армиясын жойып жіберді. Бұл туралы РБК-Украина хабарлады.
«Былайынша айтқанда, Ресей тарапының жедел-стратегиялық құрылымдары ретіндегі төрт армиясынан айырылды деуге болады», – деді Украина президенті офисі басшысының көмекшісі Алексей Арестович.
Оның айтуынша, 21 наурыз күнгі жағдай бойынша жаудың барлығы мұнша құрылымы жойылған:
- 11 танк батальоны
- 34 БМП батальоны
- РСЗО-ның 5 дивизионы
- 17 стволды артиллерия дивизионы
- 5 ұшақ авиаполкы
- 5 тікұшақ авиаполкы
«Бұлардың бәрін жинақтай келгенде, олар Ресейдің жедел-стратегиялық құрылым ретіндегі екпінді армиясының үш комплектісін құрайды. Былайша айтқанда, біз Ресейдің үш екпінді армиясын және бір әуе армиясын жойып жібердік. Осылайша, Ресей Федерациясының 10 армиясының 4-і құрыды», – деп атап өтті Арестович.
Еске сала кетейік, Украина Қарулы күштері Бас штабының мәліметінше, Ресей әскерлері қазірге дейін 15 000 жауынгерінен өлідей айырылған, 500-ге жуық танкісі, 97 ұшағы және 120-дан артық тікұшағы қатардан шығып қалған.