Ресей элитасы Путиннен құтылу жолдарын қарастырып жатыр
МӘСКЕУ. 21 наурыз. Ресей элитасы елдің тығырыққа тіреген президент Владимир Путинді биліктен кетірудің бірнеше вариантын қарастыруға кірісті. Бұл туралы РБК-Украина хабарлады.
«Украина барлау қызметінің мәліметінше, бүгін Ресей элитасы президент Владимир Путинді биліктен шығарып тастаудың бірнеше вариантын талқылап көрген. Олардың арасында уланып өлу, кенеттен сырқаттану, оқыс опат болу секілді өмірге қауіп төндіретін нұсқалар да бар», – делінген хабарламада.
Украина барлауы сондай-ақ Ресейдің бизнес-саяси элитасында Путинге қарсы тұра алатын ықпалды оппозиция құрылып жатқанын да алға тартып отыр.
«Олардың мақсаты – Путинді барынша тез арада биліктен кетіріп, Украинаға агрессия жасалғаннан кейін ушығып кеткен Батыспен арадағы экономикалық қатынасты қалпына келтіру», – делінген хабарламада.
Бас барлау басқармасының мәліметі бойынша, ФСБ директоры Александр Бортников пен Ресей элитасының басқа да ықпалды өкілдері Путинді билік басынан кетірудің у беру, кенеттен ауруға шалдықтыру секілді бірнеше сценариін қарастыруда.
«Шешен бөлімшелерінің жақында Киевтің солтүстігіне орналасқандарының «жетер жеріне жетуі» осы процестермен байланысты болуы ғажап емес. Украин жағына бұл жөніндегі мағлұмат тап Ресей тарапынан жеткізілген. Мұның ақырында шешен жасақтарына тұрған жерлерінде күйрете соққы беріліп, бәрінің дерлік күл-талқаны шықты. Шамасы, ФСБ шешендердің осы сәтсіздіктері арқылы Рамзан Кадыровтың билікке ықпалын әлсіреткісі келген сияқты. Осылайша олар РФ басшылығын айналып өтіп, украин билігімен өзара қарым-қатынасты қалпына келтіріп алуға әрекет жасауы мүмкін», – дегенді қосты сосын барлаудағылар.
Еске сала кетейік, АҚШ-тың Еуропадағы армиясының бұрынғы қолбасшысы Бен Ходжес бұдан алдын Путинді тақтан күштеп тайдыру амалдары жасалуы ықтимал екенін айтқан еді.
Тағы бір мәлімет: бірқатар бұқаралық ақпарат құралдары Ресей элитасының елге келесі президент болатын тұлғаның кандидатурасын да таңдап, тауып қойғаны туралы жазып жатыр. Ол – жоғарыда айтылған Александр Бортников.