Ресейліктердің бір тобы Қырғызстанды жайлап жатыр
БІШКЕК. 12 наурыз. Батыстың Ресейге салған санкцияларынан кейінгі қиындықтардан қашқандардың бір тобы Қырғызстанға келді. Бұл туралы K-News.kg хабарлады.
«Батыстың санкциялары күшейе түсуі салдарынан жайлы жер іздеген мыңдаған ресейліктер үй-жайларын тастап, көрші елдерге келіп жатыр. Оларға уақытша эмирграцияның бір бағыты Қырғызстан болды», – делінген хабарламада.
«Азаттықтың» тілшілері олардың бірқатарымен кездесіп сөйлескен. Келгендердің көбі әзірге осында тұра тұрып, ары қарай Ресейдегі жағдайға байланысты қимылдайтындарын айтады.
«Біздің елден кетуіміздің басты себептерінің бірі Ресейдегі саяси ахуалдың тұрақты болмауы болды», – дейді Кемер облысынан келген 25 жастағы IT маманы Игорь Соболев. Ол 6 наурыз күні Бішкекке ұшып келіпті. Әзірге бір айдай осында бола тұрғысы келеді. Ары қарай жағдайға қарай көреді. Мұнда өзінің екі досын жанына алып ұшып келіпті.
«Біздің мейманханаға негізінен IT мамандар орналасты. Бұл – біздің экономика үшін жақсы мүмкіндік, бұлар қазіргідей дағдарыс кезінде бізге табыс әкеледі. Оларды Грузияда, Өзбекстан мен Қазақстанда да күтіп отыр. Біз сырт қалып қоймауымыз керек», – деді Бішкекте шағын мейманханасы бар экономист Азамат Акелеев.
Ошқа барып орныққан Яков деген біреу Санкт-Петербургтен келіпті. Рас-өтірігін өзі білсін, айтуына қарағанда, Нева жағалауында Ресейдің Украинада жасап жатқан басқыншылық соғысына қарсы шерулерге екі рет қатысқан. Екіншісінде сотталып кете жаздаған. Сосын елден кетуге шешім қабылдапты.
«Бұдан екі апта алдын жағдайымыз осылай болады, күтпеген жерден өмірімізде көрмеген Ош қаласына келіп, хостелде жатамын деп кім ойлаған. Енді мұндағы жағдайды көреміз. Жұмыс іздейміз. Болмаса, Өзбекстанға не Қазақстанға қарай өтеміз», – дейді ол.
Ресейден шыққандардың бір тобы Грузияда жүргенін осының алдында жазғанбыз. Оларды жергілікті халық онша жақтырып қарсы алып жатқан жоқ.
Жерінде соғыс болып жатпаған бұл қашқындарды «босқын» деуге болмайды.