Ресей «Херсон халық республикасын» құрмақ болып отыр
МИНСК. 13 наурыз. Ресей Украинаның өзі басып алған Херсон облысында елдің шығысындағыдай «халық республикасын» құруға әрекет етіп жатыр. Бұл туралы «Белсат» хабарлады.
Украина ресми тұлғаларының дерегінше, Ресей билігі облыста қазір бұл үшін жалған референдум жүргізуге әрекет етуде.
Осыған байланысты Херсон облыстық прокуратурасы қылмыстық іс қозғады. Прокуратура мұндай реформа өткізудің заңға қайшы келетінін мәлімдеді.
Украин құқық қорғаушыларының дерегінше, Ресей оккупанттары облыстық кеңес депутаттарын көндіруге, басқыншылармен бірге жұмыс істеуге мәжбүрлеуге тырысып жатқан көрінеді.
«Ресейліктер 2014 жылғы сценарийді тағы қолданып, жалған «халықтық республика» құруға жанталаса әрекеттеніп жатыр. Халықтың қолдауы нөлдік деңгейде болатынын еске алсақ, олар мұны толық өздерін қолдан жасап алады. Егер олар мұны жалғастырса, Ресейге қарсы барынша қатаң санкциялар салынады. Херсон әрқашанда Украина жері болып қала береді», – деді Украина сыртқы істер министрі Дмитро Кулеба.
Соңғы мәлімет бойынша, соғысқа дейін Херсон облысында 1 млн 172 мың халық тұрған. Бұлардың 991 мыңы, яғни 82,00 пайызы – украиндар болса, 165 мыңы, яғни 14,89 пайызы – орыстар. Көріп тұрғандарыңыздай, халықты түгелге жуық жергілікті титулды ұлт құрайды.
Қазір сепаратистік жолмен «құрылған» Донецк және Луганск облыстарында да украиндардың саны орыстардан едәуір көп. Атап айтқанда, олар Донецк облысында – 56, 87, Луганск облысында 57,96 пайызға тең. Ал орыстар тиісінше 38,22 және 39,05 пайыз болады.
Херсон – Ресей армиясы толық құрамда, кең ауқымды соғыс бастағалы басып алған жалғыз облыс орталығы. Қалада ресейлік басқыншыларға қарсы наразылық акциясы жүріп жатыр.
Суретте: 11 наурыздағы ахуал