Ресей және Беларусь спортшылары Паралимпиадаға жіберілмеді
МИНСК. 3 наурыз. Халықаралық паралимпиялық комитет Ресей мен Беларусьтен келген спортшыларды Бейжіңде басталған паралимпиялық ойындарға жібермей қойды. Бұл туралы «БелСат» хабарлады.
Екі елдің спортшылары ертең өтетін Ойындардың ашылуына да қатыстырылмайды.
Мұның бәріне Ресейдің Украинаға тұтқиылдан басып кіріп, соғыс өртін тұтатқаны басты себеп болып отыр.
«Халықаралық паралимпиялық комитет саясаттың спортқа араласпауы керек екенін өте жақсы біледі. Алайда, бұл Ойындарға да соғыс өз еркімен келген жоқ, мұның сыртында біздің қастерлі оқиғаларымызға ықпалдары күшті бірнеше үкімет іске араласты», – деді Халықаралық паралимпиялық комитеттің президенті Эндрю Парсонс.
Оның айтуынша, бірнеше паралимпиялық комитет Ойындарға Беларусь пен Ресей қатысатын болса, оған байкот жариялайтындарын мәлімдеді.
Осылайша Ресейдің Украинаға жасаған агреессиялық соғысы салдарынан жоғарыдағы екі елдің 83 мүгедек спортшысы Ойындардан тыс қалды.