Еуропарламент Зеленскийдің сөзін тік тұрып, қол шапалақтап тыңдады
БРЮССЕЛЬ. 1 наурыз. Украина президенті Владимир Зеленский бүгін Еуропарламентте сөз сөйлеп, Украинаның Еуропаны таңдағанын мәлімдеді. Бұл туралы «Украинская правда» хабарлады.
Мемлекет басшысы Украинаның келіп қосылуымен Еуроодақтың тек күшейе түсетінін айтты. Украина Еуропаны таңдады, енді Еуропа Украинаны таңдап, оның ЕО-ға кіруіне қолдау білдіруі керек.
«Құрметті қатысушылар, білесіздер ме, соңғы күндері мен сіздерге қалай сәлем бергенім дұрыс болатынын білмей жүрмін, себебі, мен қазір «қайырлы таң», «қайырлы күн» немесе «қайырлы кеш» деп қана айта аламын.
Бұл – барынша шыным, өйткені, күн сайын бұл күн біреуге қайырлы болса, күн сайын бұл кеш біреу үшін ең соңғы болуы мүмкін.
Мен өз өмірінің құнымен бостандықты қорғап жүрген өзімнің азаматтарым, Украинаның азаматтары туралы айтып тұрмын…
Мен бәрімізді біріктіріп тұрған көңіл күй үшін ризамын. Мен біздің бәріміздің – Еуропа Одағы елдерінің бүгін бірігіп тұрғанына ризамын, бірақ мен оның құны қандай болатынын бұрын білгем жоқ. Бұл менің, әрбір украиналық азамат пен біздің мемлекетіміздің трагедиясы. Бұл бірігудің құны біз үшін осыншалықты қымбатқа түсіп отыр. Өте қымбат баға бұл. Бұл сәт екі революциядан, бір соғыстан және Ресей Федерациясының кең ауқымдағы 5 күндік басқыншылығынан тұрады», – деді Владимир Зеленский.
Ол осыны айтып біткенде, сөзін тік тұрып тыңдаған парламент мүшелері ұзақ уақыт толассыз қол шапалақтады.
Ал бүгін Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров БҰҰ-ның адам құқығы жөніндегі кеңесінде сөйлер алдында 150 дипломат Ресейдің Украинаға жасап жатқан агрессиясына қарсылық ретінде залды тастап шығып кетті.