Ресей барлық майданда елеулі шығынға ұшырауда – Резников
КИЕВ. 1 наурыз. Украина қорғаныс министрі қазіргі күндері Ресей армиясының барлық жағынан күйрей жеңіліп жатқанын айтты. Бұл туралы «Украинская правда» хабарлады.
«24 ақпан күні түнде Украинаға шабуыл жасаған путиндік Ресей барлық майданда – әскери, экономикалық, кибермайдан салаларында орасан зор шығынға ұшырап жатыр», – деп жазды Украина қорғаныс министрі Алексей Резников (суретте) Facebook желісінде.
«122 сағаттық қарсылық. Біздің қорғаушы жігіттеріміз бен қыздарымыздың жанқиярлық ерліктері арқасында жау жаңа майдандардың бәрінде шығынға батуда. Мен біздің шығыстағы жігіттерімізді атап өткім келеді. Олар жау үшін алынбас қамалға айналды. Мұның өзі басқыншылардың рухтарын түсіруде», – дегенді қосты ол сосын.
Ресейдің экономикалық майдандағы шығындары да ұшан-теңіз. Ресейдің ақшасы кәдімгі құнсыз қағазға айналуда. Ресей мұнайынан алғашқы бас тартушы шықты. Германия Ресей газын алмайтынын кесіп айтты. Шетелдік әріптестерінің бәрі «Газпроммен» келісімшарттарын біржақты үзді.
Белгород түбінде Ресейдің 5000 жалдамалы солдаты украин жеріне соғысқа кіруден бас тартты. Одесса түбінде де соғысқа қатыспайтындарын айтып, әскерден кетіп жатқандар көп. Көптеген солдаттар украиндар жағына өз еріктерімен тұтқынға түсіп жатыр.
Кеше Гомельде өткен украин-ресей келіссөзінің бірінші раунды екі жақты ешқандай мәмілеге келтіре алмады. Бес сағатқа созылған кездесуде тараптар ымыраға барған жоқ. Кез келген соғыс кезінде мұндай келіссөз жүріп жатқан кезде, майдан даласында ұрыс қимылдары уақытша тоқтай тұрушы еді, Владимир Путин бұл жазылмаған заңға түкіріп қойып, дәл осы тұста Харьков, Херсон, Одесса қалаларына шабуылды үдете түсті. Келіссөзден кейін Путин украин жағы ұсынған өз тұтқындары мен мәйіттерін алып кету процесінен де саналы түрде бас тартты. Ол мұның орнына шабуылды күшейте түсуге пәрмен берді. Өз тұтқындары мен өліктерін сыйламайтын мұндай қолбасшының қол астында кім шайқасады?
Осы кезге дейін Украина жағынан 100-ден астам бейбіт тұрғын оққа ұшты. Өткен түнде Харьковты қорғаушы 70 жауынгер қаза тапты. Украина қорғаныс министрлігі мұны жасырып отырған жоқ. Ресей армиясы қаланың «Свобода» алаңы мен көп қабатты үйлерін қанатты ракетамен атқылады. Нәтижесінде 20 бейбіт тұрғын өліп, көптеген үйлер қирап қалды. «Осыдан кейін Ресейді тек терроршы-мемлекет деп атау керек», – деді президент Владимир Зеленский.
Ал Ресей армиясының осы бес күндегі адам шығыны 6 мыңға жақындады.
Наурыздың 1-і күнгі таңертеңгі есеп бойынша, жау жағы 5,7 мың солдатынан өлідей айырылған, 800-ден астам соғыс машиналары, 200-ге жуық танкілері қираған, 200 сарбазы тұтқынға түскен.
Бүгін Ресей әскерлері Херсон қаласын жан-жақтан қоршауға алды.