Польша құрамасы Ресеймен түйіспе матч өткізуден бас тартты
ВАРШАВА. 27 ақпан. Польша құрамасы 2022 жылғы әлем чемпионатының бір орны үшін Ресей командасымен кездесуден бас тартты. Бұл туралы Eurosport хабарлады.
Поляк футбол одағының президенті Цезарий Кулеша осы жайында «Твиттерде» жазды.
«Сөзден іске көшетін уақыт болды! Ресей Федерациясының Украинадағы дүрбелеңінен кейін Ресей құрамасымен плей-офф өткізуге ниет жоқ. Бұл – ең дұрыс жалғыз шешім. Біз өзіміздің ортақ позициямызды ФИФА-ға жеткізу үшін Швеция және Чехия федерацияларымен келіссөз жүргізіп жатырмыз», – деп жазды Кулеша.
Ресей мен Польша арасындағы матчты өткізу 24 наурызға белгіленген болатын. Мұның алдында Польша, Швеция және Чехия құрамалары Ресеймен түйіспе кездесулер өткізуден бас тартатындарын мәлімдеген еді. Поляктар бұл жолы Карпиннің командасымен Мәскеуде ұшырасуға тиісті-тін.
Осы күндері Германияның «Шальке 04» командасы өңірінде ресейлік «Газпром» компаниясының эмблемасы бар формамен алаңға шығудан бас тартты.
Сондай-ақ УЕФА-ның Чемпиондар лигасының финалдық ойыны 28 мамырда Санкт-Петербургтегі «Газпром» стадионында ойналатын болып жоспарланған-ды. Еуропа футбол федерациясы Ресейдің Украинаға агрессиясы басталып кеткеннен кейін бұл матчты Париж түбіндегі Сен-Дени қалашығында орналасқан «Стад Франс» стадионына ауыстырды. Ойын сол 28 мамыр күні ойналады.