Байден: Енді Ресейді не санкциямен, не соғыспен жазалай аламыз
ВАШИНГТОН. 27 ақпан. АҚШ президенті Джо Байден енді Ресейді жазалайтын екі жолғ ғана қалғанын, оның бірі санкция болса, екіншісі Үшінші дүниежүзілік соғысты бастап кету екенін айтты. Бұл туралы CNN телеарнасы хабарлады.
Джозеф Байден Ресейдің Украинаға жасап жатқан агрессиясын тоқтату үшін күллі адамзат алдында екі ғана жол қалғанын, оның бірі Путин басқарған елді жан-жақтан қыспаққа алып, енді қайта көтеріле алмайтындай етіп санкциямен біржола тұншықтырып тастау, екіншісі оған әлемнің жетекші елдерінің қарсы ұрыс ашып, Үшінші дүниежүзілік соғысты бастап кетуі екенін мәлімдеді.
Ақ үйдің егесі мұны телеарна тілшісі Тайлер Коэнге берген сұхбаты желісінде баяндады.
«Бізде екі вариант қана бар, – деді ол. – Үшінші дүниежүзілік соғысты бастап, Ресеймен бетпе-бет соғысу. Немесе халықаралық құқықтарға қайшы келетін әрекеттерге шімірікпей баратын елді осынысы үшін ақы төлеуге көндіру».
Байден сондай-ақ Ресейге Украинаға басып кіргені үшін ұзақ мерзімді де, қысқа мерзімді де жоғары құн, ақы, төлем төлеуге тура келетінін, оның Еуропамен және НАТО-мен шындап бетпе-бет тұрып, жанжалға ұшырайтын уақытының жақындап қалғанын жеткізді.
«Ол (Путин – ред.) жұрттың бұрын ойлап жүргеніне мүлдем қарама-қарсы кейіптегі адам екен», – деді Байден соңында.
АҚШ президенті бұдан алдын Вашингтонның Мәскеумен арадағы барлық қатынасты үзгенін, енді оның тек тереңдей беретінін айтқан болатын.