Атақты Гашек орыс хоккейшілерін ҰХЛ-дан шығаруды ұсынды
МОНРЕАЛЬ. 27 ақпан. Чехтың атақты хоккейшісі, Стэнли кубогының иегері Доминик Гашек ҰХЛ-да ойнап жүрген ресейліктерді қатардан шығаруды ұсынды. Бұл туралы «Украинская правда» хабарлады.
«Хоккейші Доминик Гашек ресейліктердің ҰХЛ-дағы контрактілері үзілуге тиіс деп есептейді», – делінген хабарламада.
Олимпиада чемпионы, Стэнли кубогының екі дүркін иегері Доминик Гашек Twitter-де Ұлттық хоккей лигасының (ҰХЛ) басшыларын Украинадағы жағдайға байланысты ресейлік ойыншылармен контрактілерден бас тартуға шақырды.
Гашек ҰХЛ барлық ресейліктермен келісімнің әрекет ету мерзімін жылдам тоқтатуы керек деп мәлімдеді. «Әрбір спортшы өзі мен клубының ғана емес, сонымен бірге өз отанының, оның барлық құндылықтарының атынан жарысқа түседі. Бұл – факт», – деді ол.
Атақты қақпашы әрбір спортшы өзінің отаны үшін де жауапты екенін еске салады. «Ол отаны қандай болса, өзі де сондай болады. Сондықтан елінің теріс әрекеттері үшін де жауап беруге тиіс», – деді сосын.
Ұлттық хоккей лигасының биылғы маусымында Ресейдің 43 хоккейшісі ойнап жүр.
Ақпанның 26-сы күні Норвегияның шаңғы спорты түрлері федерациясының басқармасы Ресей спортшыларының өз елдерінің территориясында өтетін жарыстарға жіберілмеуін талап етті.
Мұның алдында футболдан Польша құрамасы 2022 жылғы әлем чемпионатының түйіспе матчын Ресей командасымен өткізуден бас тартты. Ал Германияның «Шальке 04» клубының футболшылары өңірінде Ресейдің «Газпром» компаниясының эмблемасы бар формамен енді алаңға шықпайтындарын мәлімдеді.
УЕФА биылғы 28 мамырда Санкт-Петербургтің «Газпром» стадионында ойналу жоспарланған Чемпиондар лигасының финалдық кездесуін бірден Париж түбіндегі Сен-Дени қаласының «Стад Франс» стадионына ауыстырды.
Бүкіл прогресшіл әлем жұртшылығы Ресейдің Украинаға жасап жатқан агрессиясына қатты наразылық білдіріп отыр.