Жаһан

АҚШ өкілі Астанаға келуден бас тартты

АҚШ Сирия жөнінде келіссөз жүргізу үшін Астанаға делегация жібермейтінін мәлімдеді. Бұл туралы ТАСС хабарлады.

Құрама Штаттар Сириядағы жағдайды реттеудің ең қолайлы алаңы БҰҰ-ның офисі деп есептейді. АҚШ мемлекеттік департаментінің өкілі жұма күні Вашингтонның «қандай бір пішінде өтсе де», Астана процесіне қатыса алмайтынын жеткізді.

«АҚШ тек БҰҰ, тек қана БҰҰ ғана Сириядағы саяси прогресс үшін керекті форум жасай алады деп есептейді. Тамыздың басына жоспарланған Астана форумы Женеваны алмастыра алмайды, сондықтан Құрама Штаттар онда өтетін қандай да бір форумға қатыспайды. Женева процесі – Сириядағы саяси процестер үшін керекті бірден-бір сенімді, заңды және халықаралық деңгейде мойындалған процесс», – деді Америка сыртқы ведомствосының өкілі.

«Астана процесі өзінің зорлықты тоқтатуға және бейбітшілік жолында айтарлықтай табыстарға жетуге қабілетсіз болып шықты», – деді ол.

Астана процесі Ресей, Түркия және Иран елдерінің бастамашылығымен өтіп келеді. Оның бірінші раунды 2017 жылғы қаңтарда шақырылды. Ал соңғысы биылғы жылғы сәуір айында ұйымдастырылған болатын. Бұларға Башар Асад бастаған Сирия режимімен келіссөз жүргізу кепілдігін алған Ресей, Иран және Түркия елдерінің делегациялары қатысып келеді. Жиынға БҰҰ мен Иордания бақылаушы ретінде қатысып келді. Ал АҚШ 2018 жылғы мамырда оған қатысудан бас тартты.

Қазақстан сыртқы істер министрлігі Астана форумының 1-2 тамыз күндері өтетінін хабарлады. Оған Ливан пен Ирак бірінші рет бақылаушы ретінде қатысады.

 

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button