Жаңалықтар жаңғырығыТаным

Ресейдің Украинаға басқыншылығы: бірінші күннің қорытындысы

МИНСК. 25 ақпан. Ресей армиясының Украина жеріндегі басқыншылық соғысының өткен бір күні нәтижесіз аяқталды. Бұл туралы белорустың «БелСАТ» порталы хабарлады.

Кеше таңғы сағат 4-тің кезінде Владимир Путин өзінің қарулы күштерін Украина шекарасына қарай айдап салды. Ол мұны «зардап шеккен Донбасс халқын украин режимінің қысымынан» қорғау деген жорта желеумен түсіндірді. Бірақ Ресей әскерлері бір мезгілде украинның 10 облысына шабуыл жасады. Олар бірінші кезекте елдің шығысы мен түстігіне мән берді. Сонымен бірге солтүстіктен Житомир, Луцк, Ровно облыстарына, Қара теңіз акваториясынан Одесса облысына шабуыл бастап кетті. Бүгін түс ауа Киевті де бірнеше дүркін тоқтаусыз атқылап, ақырында қаланың шетінен танктер колоннасын жіберді.

Кешеден бері Украинада соғыс жағдайы жарияланды, елдің әуе кеңістігі түгел жабылды.

Содан кейін Володимир Зеленский мен батыс елдерінің лидерлері «антипутиндік коалиция» құрылғаны жайлы хабарлады. Джо Байден Ресей мен АҚШ-тың арасындағы қатынастың толық үзілгенін мағлұм етті. АҚШ президенті сондай-ақ Путинмен енді өзінің әлдеқандай бір келіссөз жүргізуді жоспарлап отырмағанын жеткізді. Ондай ұшырасудың бола қоюы неғайбіл. Болмайтын да шығар. Байден сонымен бір мезгілде Ресейге қарсы «қирату санкциялары пакеттерін» жасап шығуға уәде берді. Ал Америка әскерлері жайына келсек, АҚШ президенті олардың Украина жеріндегі соғысқа қатыспайтынын ашып айтты. Алайда, шығыс тараптағы Литва, Эстония, Польша, Румыния жерлеріндегі қарулы күштер контингенттері күшейтіледі. АҚШ сондай-ақ Германияға қосымша әскер жібереді.

Бүгін әлемнің көптеген елдерінде Украинаны қолдап, агрессияны айыптау акциялары өтті. Мұндай қарсылық қозғалыстары Ресейдің өз ішінде де орын алды. Олар жайлы «БелСАТ» фоторепортаж жариялады. Ресей ішкі істер министрлігі сол бас көтерулерге шыққан 600 адамды қамауға алды.

Бүгінгі таңға Ресей әскерлері Мелитополь және Запорожье облыстарын басып алып, толық өздерінің бақылауларында ұстап тұр. Сондай-ақ Чернобыл аймағы мен ондағы атом электр станциясының барлық нысандары, Одесса облысындағы Змеиный аралы да жаудың қолына өтті. Бұлардың соңғысында украинның 14 теңізшісі ресейліктердің берілу жөніндегі ұсыныстарын боқтап қарсы алып, өздері түгел опат болғанша беріспей соғысты.

Украинаның батыстағы облыстарында халық жасағы құрамына жазылушылар қатары өте көп. Жұрт қару-жарақ дүкендеріндегі атылатын қарулардың бәрін сатып алып кеткен. Сарапшылар украин армиясы жеңілген күнде де партизандық соғыстың қауырт көтеріліп кеткелі тұрғанын айтып отыр.

Сарапшылардың тағы бір байқағандары: Ресей армиясының денін орыс ұлтты солдаттар емес, негізінен аз ұлттың халықтардың өкілдері құрайды екен. Мұны тұтқынға түсіп қалып жатқан кавказдықтар мен ұлттық республикалардан келген жауынгерлерден де байқауға болады. Ресей армиясының басшылығы бұл қанды қасапқа басқа ұлттарды көбірек қосып жатқан сияқты.

Украина денсаулық сақтау министрлігі соғыстың алғашқы күнінің нәтижесінде 57 адамның қаза тауып, 169 адамның жараланғанын мәлімдеді.

Украина президенті офисі басшысының кеңесшісі Алексей Арестовичтің айтуынша, бірінші күні ресейліктер сапынан 400-ге жуық сарбаз оққа ұшыпты.

Львов облыстық кеденінің бастығы Даниил Меншиков Украина жерінен ары қарай 18-ден 60 жасқа дейінгі ер кісілерді шығару тоқтатылғанын баяндады.

Польша жеріндегі Люблин және Подкарпатье воеводстволарында Украинадан келген босқындарды қабылдайтын пункттер ашылыпты.

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button