Соғыстың 2-күні: Ресей Киевке ракетадан соққы беріп жатыр (видео)
МИНСК. 25 ақпан. Бүгін Ресей-Украин соғысының екінші күні орыс әскерлері Киевке ракетадан үдемелетіп соққы беруге кірісті. Бұл туралы белорустың «БелСАТ» сайты хабарлады.
Көргендердің айтуларынша, жергілікті уақытпен 4:30 сағатта Киевте тағы да жарылыс дауыстары естіле бастаған. Ресей әскерлері Украин байтағына зымыраннан соққы беруге кіріскен.
Ақпанның 24-іне қараған түн Владимир Путин «Украинадан қатер төнуіне байланысты Донбаста әскери операцияның басталғанын жариялады. Украина мемлекеттік қызметі Ресей армиясының елдің 10 аймағына бір мезгілде шабуыл жасағанын мәлімдеді.
Украина президенті Володимир Зеленский Ресей армиясының 24 ақпан күнгі әскери операциясы кезінде 137 әскери қызметкердің опат болып, 316 қызметкердің жараланып қалғанын хабарлады.
Украина президенті өзінің бүгін сағат 10:30-да неге Италия премьер-министрімен байланысқа шыға алмағанын түсіндірді.
«Бүгін 10:30-да Чернигов, Гастомель және Мелитополь қалаларына жақын маңда ауыр шайқастар жүріп жатты. Адамдар қаза тапты. Келесі жолы мен Марио Драгимен нақты уақытта сөйлесу үшін соғыстың кестесін жылжытуға күш саламын. Ал Украина сол уақытта өз адамдары үшін соғысты жалғастыра береді», – деп жазды президент.
Бұдан алдын итальян премьері бүгін азанда Зеленскиймен телефон арқылы сөйлесуге алдын ала келіскенін, алайда, белгіленген уақытта оның байланысқа шықпағанын айтқан еді.
Ал CNN телеарнасы кейін Ресей әскерлерінің жақындап келуіне байланысты Украина президентінің бункерге көшірілгенін хабарлады.
Сағат 13:14-те Кремльде Украина президенті Володимир Зеленскийдің Украинаның қауіпсіздігіне кепіл берілетін болса, бейтарап статус жайын талқылауға дайын екені туралы мәлімдемесі «назарға алынды», деп жазады Интерфакс.
«Бұл – жаңа мәлімдеме. Біз оған назар аудардық. Бұл негізінен позитивке қарай жылжу болып табылады. Енді біз мұны талдап көруіміз керек. Басқа ештеңе айта алмаймын», – деді Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков.
Ресей басқыншыларының жаралыларын Ресей дәрігерлері Гомельде емдейтін болады.
«Гомель медиктері ресейлік әскерилерге белорустар емес, ресейлік дәрігерлер көмек көрсететін болатынын мәлімдеді. Атап айтқанда, Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің госпиталінде шатыр қалашық бой көтереді. Әзірге жаралылардың түсіп жатқандары жөнінде ақпар жоқ».