«Путиннің жиіркенішті және жабайы арандатушылығы»
Батыс елдері Украинаға басып кірген Ресейді айыптап жатыр
ВАШИНГТОН. 24 ақпан. Әлем жұртшылығы бүгін таңсәріде Ресей әскерлерінің Украинаға басқыншылық шабуыл жасауды бастауын айыптап отыр. Бұл туралы BBC хабарлады.
Агрессияға тұнып тұрған жабайы шабуыл, ақыл-ойдан жұрдай әрекет – батыс лидерлері Ресей президенті Путиннің Украинаға бастаған соғыс қимылдарына осындай баға беріп жатыр. Олар Ресейге қарсы барынша қатқыл да кең ауқымды санкциялар енгізуге уәде беруде.
АҚШ президенті Джо Байден Ресейдің Украинаға шабуылын «ойланбай істелген әрекет» деп бағалап, АҚШ пен оның одақтастарының бірлескен түрде батыл жауап қайтаратынын мәлімдеді.
«Президент Путин алдын ала жоспарластырылған орасан зор адам өлімін әкелетін жне қирауға апаратын соғысты таңдап алды, – деп атап өтті Байден. – Тек Ресей ғана бұл шабуыл әкелетін өлім мен қиранды үшін жауапкершілік арқалайды».
Джо Байден бейсенбі күні өтетін «Үлкен жетілік» елдері лидерлерінің кездесуінде Ресейге қатқыл санкциялар белгіленетінін айтты.
Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон да Мәскеудің әрекетіне қарсылығын білдірді.
«Мен Украинадағы сұмдық оқиғалардан естен танып тұрмын, мен бұдан арғы әрекет жайында президент Зеленскиймен сөйлестім, – деп жазды Джонсон «Твиттерде». – Президент Путин ештеңемен ақтап алуға келмейтін әрекет – Украинаға шабуыл жасап, қантөгіс пен қиратуды таңдап алды. Біздің миссиямыз айқын. Путиннің ипломатиялық, саяси, ақыр соңында әскери пландағы жиіркенішті және жабайы авантюрасы сәтсіздікпен аяқталуға тиіс».
«Бұл – ойсыз және толғамсыз агрессия тек Украинаға ғана жасалған шабуыл емес. Бұл – Шығыс Еуропадағы және бүкіл әлемдегі демократия мен еркіндікке жасалған шабуыл. Бұл дағдарыс азат, егемен, тәуелсіз Еуропа жұртына, оның болашағына қатысты нәрсе, сондықтан Ұлыбритания осы ұғымдарды қорғайтын болады», – деп атап өтті премьер-министр.
«Бомбысы, танктері мен ракеталарының бәріне қарамастан, Ресей диктаторының әйтеуір бір кезде украиндардың ұлттық сезімдері мен олардың өз елдері азат болуына деген құштарлықтарын қирата алатынына мен сенбеймін», – деп сөзін түйіндеді ол.
Франция президенті Эммануэль Макрон да Ресейдің әрекетін сынға алып, одан Украина халқына қарсы ашып отырған соғысын жылдам тоқтатуды талап етті.
Германияның канцлері Олаф Шольц Ресейдің Украинаға шабуылын халықаралық құқықтарды өрескел бұзушылық деп атады. «Мұны ештеңемен ақтап алуға болмайды. Германия президент Путиннің ойсыз әрекетін батыл айыптайды. Біз Украина халқымен біргеміз», – деп жазды «Твиттерде» канцлер.