«Ешкімге керек емес соғыс» – ресейлік танымал тұлғалар
МӘСКЕУ. 24 ақпан. Ресейдің танымал тұлғалары Ресейдің Украинаға жасаған шабуылына қарсылық білдірді. Бұл туралы BBC хабарлады.
«Ресейдің көпшілікке аттары танымал ондаған әртістері, тележүргізушілері жазушылары әлеуметтік желілер арқылы Ресейдің Укранидағы соғыс қимылдарына қарсы екендерін атап көрсетті», – делінген хабарламада.
Тұлғалардың бірқатары осыған байланысты видеоүндеулер жарияласа, тағы бірқатары фото орнына қара түсті фон салып, мәтіндер жариялады.
Олардың арасында тележүргізушілер Иван Ургант, Анастасия Ивлеева, Ксения Собчак, әншілер Юрий Шевчук, Сергей Лазарев, Валерий Меладзе, Иван Дорн, Манижа, Теона Контридзе, футболшы Федор Смолов, шахматшы Ян Непомнящий, актерлер Данила Козловский, Ирина Старшенбаум, Марина Зудина, Катерина Шпица, Дарья Повереннова, Алика Смехова, жазушылар Александр Цыпкин, Борис Акунин және басқалар бар.
Әнші Валерий Меладзе видео жариялап, онда: «Бүгін болған оқиға ешқашан болуға тиісті нәрсе емес еді. Тарих мұны әйтеуір бір айыптап, бәрін өзінің орнына қойып береді», – деді.
«Ал бүгін мен сізден мынаны сұрағым кееді, мен келіссөз үстеліне отыруыңызды жалынып тұрып өтінемін. Адамдар бір-бірлерімен келісімге келе алатын болулары керек, сол үшін оларға тіл берілген. Жұрт босқа қырылмауы тиіс. Мұны тоқтату қажет», – деді Меладзе бұл сөзін кімге арнап отырғанын ашып айтпай.
Музыкант Юрий Шевчук: «Біз бүгін музыканттармен репетицияға жиналып едік, бәрі дел-сал болып жүрді. Бұл бітті деген сөз… Боқтамай-ақ қояйық, бірақ мынау масқара, тіпті бірдеңе деудің өзі мүмкін емес», – деді Би-би-си тілшісіне.
«Новое литературное обозрение» баспасының баспагері Ирина Прохорова Би-би-си тілшісіне: «Құдай-ау, бұған тіпті айтатын да сөз таппайсың ғой… Шамасы, бұл соғыс ешкімге де керек емес шығар. Барлық әлеуметтік топтардың сасып қалулары мен үнсіздіктеріне қарағанда, мұны ешкім де күтпесе керек, мұның ешкімге де керек емес ессіздік екенін сезіну ғана бар қазір. Тек биліктегі Кеңес Одағын қалпына келтіру идеясымен уланған азын-аулақ адамдар ғана болмаса. Менің қазір оқи алатыным – әртүрлі адамдардың коменттері, олардың бәрі жағаларын ұстап отыр. Бұл соғыс ешкімге де керек емес. Ол бізге қайғыдан, ұяттан, сұмдықтан басқа ештеңе әкелмейді», – деді.