АҚШ президенті «Путин Украинаға соғыс ашуға дайын» деді
ВАШИНГТОН. 19 ақпан. АҚШ президенті Джозеф Байден Ресей басшысы Владимир Путиннің Украинаға соғыс ашуға дайын екенін мәлімдеді. Бұл туралы «Азаттық» радиосы хабарлады.
Ақ үйдің егесі оны 19 ақпанға қараған түні өткен баспасөз мәслихаты кезінде айтты.
Оның айтуынша, бұлай деуге «толық негіз» бар. Бірақ Байден мұны нақтылай түсе қоймады.
АҚШ президентінің сөзіне қарағанда, Ресей әскерлері Украинаға басып кіру кезінде алдымен елдің астанасы Киевке шабуыл жасауы мүмкін. Осы жерде оның қайдан берілетін соққы екені жайында қойылған сауалға президент жауап қатпады. Сонымен, оның әуеден не жерден берілетін соққылардың қайсысы екенін ашылмай қалды.
Байденнің айтуынша, Ресей Украинамен шекарасына 150 мың әскерін орналастырған. Бұл жолы ол шабуыл жасайтын уақытты атамады, алдағы күндері немесе келесі аптада болуы мүмкін деп қана қойды.
Байден Путин Украинаға соғыс ашу мәселесі бойынша түпкілікті шешім қабылдап қойды десе де, мәселені әлі де болса дипломатиялық жолмен шешуге болады деп санайды. Ол жуырда АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен мен Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың кездесуі мүмкін екенін жеткізген.
Украина шығысындағы Донбаста ресейшіл сепаратистер мен украин армиясы өкілдері бір-бірін өз аумағын атқылады деп айыптап келеді. Байденнің мәлімдемесі осындай ақпарат жиілеген шақта жарияланып отыр. Сепаратистік республикалар 18 қаңтарда халқының біраз бөлігін Ресейге көшірген.
Көптеген ірі беделді басылымдардың жазуынша, Америка барлау қызметі Ресейдің Украинаға басып кіруге дайындалып жатқанын былтыр күзден бері айтып келеді. Блинкен мен президенттің ұлттық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі кеңесшісі Джейк Салливан шабуыл 20 ақпанға дейін яғни, Пекиндегі Олимпиада біткенге дейін басталуы мүмкін деген.
Америка билігі мен одақтастары Ресей көрші елге басып кірсе, Мәскеуге қатаң санкция салатынын ескерткен. Мәскеу әскери операция жоспары барын жоққа шығарады.
18 ақпан күнгі брифинг кезінде АҚШ ұлттық экономикалық кеңес директорының орынбасары Далип Сингх қаржы саласына салынатын санкция Мәскеуді шетел капиталы мен маңызды технологиядан ажыратады деп мәлімдеген.