Дикий Арманның анасы қырғыз халқынан кешірім сұрады
БІШКЕК. 19 ақпан. Қазақстандық қылмыс әлемінің «Дикий Арман» деген лақап аты бар серкесі Арман Жұмакелдиевтің анасы ұлы мен өзінің атынан қырғыз халқынан кешірім сұрады. Бұл туралы қырғыздың АКИpress порталы хабарлады.
Ол мұны қаңтардың басында Алматыда орын алған бүліншілік оқиғаларына байланысты жасады. Осыған арналған видеожазбаны Арманның келіншегі, қырғыз қызы Айкөл Аликжанова инстаграмға салды.
«Ол [Арман Дикий] қырғыз халқын өте жақсы көреді, «Олар қандай жауынгер, патриоттар және керемет жандар» деп үнемі сүйсініп айтып отырады. Бәлкім, Алланың шешімі шығар, біз келінді Қырғызстаннан алып, қырғызбен құда болдық. Келінім Айкөл Аликжанова маған алғашқы немеремді сыйлады. Мен сіздерден кешірім сұраймын. Біз – туыстас халықпыз және құдамыз. Сіздер менің кешірімімді қабыл алады және бұдан ары да қарым-қатынасымыз жақсара береді деп үміттенемін», – деді Арманның анасы.
Аликжанова бұл үндеудің жазылып қойылғанына біраз болғанын, енді олардың Арманның жеке өзі қырғыз халқына аудиоүндеу жіберілгенін қалап отырғанын хабарлайды.
«Бірақ, өкінішке орай, жағдай біз ойлағаннан да күрделі болып кетті, аудио немесе видеожазба жабдықтарын алып баруға үзілді-кесілді тыйым салынды. Ол анасының сөзімен толық келіседі, ақырында істің қайырлы бітуінен үміттенеді. Арман шынында да қырғыздардың түркі халықтары ішіндегі жауынгер, батыл және еркіндік сүйгіш екеніне сүйсінеді. Бұған қоса, біздің некемізден туған қызымыз Мәриям-Медина осыны айғақтайды. Біздің жағдайымызды түсінулеріңізді сұраймын», – деп жазды ол.
Еске сала кетейік, Арман Алматы қаласында орын алған қарсылық акциясы кезінде қырғыздарды мародерлікке қатысты деп айыптаған болатын. Ол әлеуметтік желі арқылы кеңінен тарап кетті. Ол сонымен бірге қырғыздардың дүкендерді тонауға қатысқандары туралы айтқан еді. Ал Дикий Арманның өзі бүліншілікті ұйымдастырушылардың бірі деген күдікпен қазір уақытша оқшаулағышта ұсталып отыр.