Жаңалықтар жаңғырығы

Шымкентте 23 адамды қарақұрт шақты

Шымкентте жыл басынан бері 23 адам қарақұрттың шағуынан зардап шегіпті. Бұл туралы Newtimes.kz хабарлады.

Шынында да Шымкент қаласының шет жақтарында тұратын тұрғындар үшін қарақұрт өте бір өзекті проблемаға айналып тұр. Гипербологиялық оксигенация орталығынан хабарланғандай, осынау жәндіктің шабуылына ұшыраушылардың барлығын дерлік шаһар шетіндегі шағын аудандар тұрғындары құрайды.

Бүгінгі күнге дейін қалада 23 адам қарақұрттан зардап шегіп үлгерген.

«Бізге зардап шеккендер көп жағдайда түн мезгілінде түседі. Себебі, әдетте қарақұрттар түнгі сағат екіден кейін шағады. Олар ыстықтан қашып, далада ұйықтап жатқан адамдардың төсегіне сол кезде өрмелеп барады», – дейді токсикология бөлімінің меңгерушісі Асылхан Мыңбосынов.

Дәрігерлердің мәліметінше, зардап шеккендер негізінен ер кісілер болып келеді. Адам қарақұрт шаққан кезде бірден сезінеді, дейді дәрігерлер, бірақ оның ең қауіпті зардаптары бірқатар уақыт өткеннен кейін басталады. Әдепкіде буындар ауыра бастайды, сосын у кеудені қысады, ал ең соңынан адамға ауа жетпеуге айналады.

«Мен кооператив территориясын күзетемін. Оны кезекті мәрте аралап жүргенімде, аяғымның ауыра бастағанын сездім. Ашып көргенімде, қарақұртты таптым. Оны таптап өлтірдім. Бірақ шамалы уақыттан кейін жағдайым нашарлай берді. Сосын жатып демалдым. Ал екі сағат өткеннен кейін аяғымның жансызданып қалғанын білдім. Кенет ауа да жетпеуге айналды. Өлген шығармын деп ойладым. Сонда «жедел жәрдем» шақырдым. Міне, енді ауруханада жатырмын», – деп есіне түсіреді Хуснурдин Махкамбаев.

Дәрігерлер тамыздың аяғында қарақұрттан зардап шегетіндердің екінші легі келетінін айтып отыр. Халық әдетте далада жатқанда қарақұрттан сақтану үшін жанына қойдың терісін немесе жүнін қоятын болған. Олардың иісі барда аталған жәндік жоламайды. Себебі, қой қарақұртты өте жақсы жейді. Оны жеген қойлар да күрт семіреді.

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button