АймақЖаңалықтар жаңғырығы

Көкжайлау Іле-Алатау ұлттық паркіне қайтарылатын болды

АЛМАТЫ. 8 ақпан. Алматының іргесіндегі Көкжайлау шатқалы Іле-Алатау ұлттық паркіне қайтарылатын болып шешілді. Бұл туралы Zakon.kz хабарлады.

«Комиссия мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы болған жағдайда Көкжайлау шатқалын Іле-Алатау ұлттық паркіне беру туралы шешімді заңды деп таныды». – делінген хабарламада.

2021 жылы қазан айында Көкжайлау шатқалында орналасқан 1002,0 гектар жер учаскесін, Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық паркіне қайтару мәселесін қарастыру жөніндегі комиссия құрылған болатын. Ол мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы болған жағдайда жерлерді ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың қатарына қайтаруды заңды деп тапты.

Алайда, мемлекеттік экологиялық сараптаманың қорытындысы қашан дайын болады, ол туралы әлі хабарланған жоқ.

2014 жылы Іле-Алатау ұлттық паркінің жерлері Алматы қаласы Медеу ауданының ерекше қорғалатын табиғи аумақтар санатынан босалқы жерлер санатына ауыстырылғаны туралы Үкімет қаулысы шықты. Бұл Көкжайлау шатқалындағы тау шаңғысы курортын салу үшін жасалды. Бірақ бұған жұртшылық қарсы шықты. 2019 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев олардың пікірін ескере отырып, шатқалда курорт жасауға тыйым салды.

2020 жылдың қыркүйегінде Көкжайлау аумағындағы жерлерді Іле-Алатау ұлттық паркіне қайтару тәртібін жеңілдету мақсатында «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» заңға өзгерістер енгізілді.

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button