Әкелі-балалы Бердымухамедовтер екі «Боингті» жекешелендіріп алды
АШХАБАД. 8 ақпан. Түрікменстан президенті Гурбангулы Бердымухамедов пен оның ұлы Сердар Бердымухамедов «Түрікменстан» авиакомпаниясының екі «Боинг» ұшағын өздеріне жекешелендіріп алды. Бұл туралы Turkmen.news хабарлады.
«Түрікменстан» авиакомпаниясының екі жаңа ұшағы VIP-ұшуларға қызмет етуге шығарылып қойылды», – делінген хабарламада.
Агенттік мәнбесі жеткізгендей, бұл екі лайнерді президент Гурбангулы Бердымухамедов пен оның ұлы, вице-премьер Сердар Бердымухамедов пайдаланатын болады.
Отбасының «жекеменшігі» болған ұшақтар – борт нөмірі EZ-A780, маркасы Boeing 777-200 және борт нөмірі EZ-A020, маркасы Boeing 737-800. Мысалы, бұлардың біріншісімен үлкен Бердымухамедов 28 желтоқсанда Санкт-Петербургке және 3-5 ақпанда Бейжіңге ұшып барып келді. Президент осы бортпен 13 қаңтарда Түрікменбашыға, 20 қаңтарда Дашогузге барған еді. Ал кіші Бердымухамедов 17 қаңтарда EZ-A020 лайнерімен Ташкентке сапар шекті.
«Сердар базарлардағы бағаны өз көзімен көру үшін EZ-A020 бортымен аймақтарды аралады, – дейді мәнбе. – Осының өзі оның статусы жөнінен көп мағлұмат береді. Басқа бірде-бір вице-премьерге бұлайша жеке ұшақ бекітіліп берілген емес».
«Президент пен вице-премьер ешқайда бармаған жағдайда кем дегенде бір ұшақ, EZ-A780, басқа да VIP-ұшақтар секілді айлақта босқа тұрады. Ал EZ-A020-ның ахуалы сәл бөлектеу, бұл лайнер қалай дегенде де басқа да жақтарға жіберіліп жатады»,– дейді мәнбе.
Түрікменстан президентінің қарауына EZ-A007, EZ-A777 және EZ-A700 деген борт нөмірлері бар үш «Боинг» бекітіліп қойылған.