Қыздар университетінде студенттер наразылық акциясына шықты
АЛМАТЫ. 8 ақпан. Кеше Алматыдағы Қыздар мемлекеттік педагогикалық университетінде сырттай оқыту бөлімінде оқып жатқан студенттер наразылық акциясын өткізді. Бұл туралы «Азаттық рухы» хабарлады.
Наразылық қозғалысына студенттер оқуларының аяқ астынан дәстүрлі форматқа ауысуы мен төлемақының қымбаттауы себеп болған
Елдің түкпір-түкпірінен жиналған қыз-келіншектер оқудың дәл осы түрін бастапқыда қолайлы болғаны үшін таңдап алған. Өйткені, көбінің жұмысы не бала-шағасы бар. Әрі екінші жоғары білімді қашықтан алу уақыт пен баға жағынан тиімді. Енді барлығына жұмысты жиып қойып, оқу аудиториясына қайта отыруға тура келетін түрі бар. Себебі, университет басшылығы басқа жол жоқ деп отыр.
«Қыздардың көбісі көп балалы ана, жалғыз басты аналар. Және басқа елді мекендерден де келетіндер бар. Қазақстанның басқа облыстарынан келетін студенттеріміз бар. Олардың барлығы осы қаражатты әрең көтеріп жатыр. 336 мың, негізі шарт бойынша сондай болған, жылдық оқу ақшамыз. Бірақ осы жиналыста бізге күндізгі оқу форматына көшіңдер деп жатыр, онда бұған 555 мың көлемінде ақша қосылады», – дейді студент Мерей Меркібай.
Осылайша студенттердің көңілін күпті еткен мәселе біреу ғана емес. Олар күндізгі оқу форматына көшумен бірге, төлемақысын да бұрынғыдан едәуір көп төлейді. Ал бұл жағдай жан-жақтағы ұстаз қыз-келіншектер үшін жығылғанға жұдырық болып тұр.
«Қашықтан оқуды бастадық па, қашықтан аяқтайық, сол үшін оқуға түсіп отырмыз. Енді аяқасты бізді бұлар ақпан айының 20-нан наурыздың 20-на дейін келіп оқыңдар деп жатыр. Көп қыздар келе алмайды. Сол үшін біз онлайн форматта оқиықшы, ары қарай осылай аяқтайықшы деп сұрап келіп отырмыз», – дейді студент Роза Тұрғымбекова.
Университет басшылығы керісінше «бәрі заңды» дегеннен танбады. Мұны қыз-келіншектерге екі сағат бойы жиналыс өткізіп түсіндіруге тырысты. Кейбір студенттерге келісім құжаттарын бүгін ғана ұстатса да, ішінде 20 пайыз қашықтан, 80 пайыз дәстүрлі оқуға көшірілетіні әуеліде-ақ көрсетілген деп отыр ректор.
«Қашықтықтан біз 20 пайыз бірінші семестрде сабақтарын бердік. Енді 80 пайызға осы семестрден бастап жаңа форматта дәстүрлі білім алуға шақырып жатырмыз. Олардың да төлемақыларына біз өзгерістер енгізетін боламыз. Бірақ көп әріптестер 80 пайызға, 50 пайызға артады деген сияқты ақпарат алған сияқты. Бірақ ол дұрыс емес. Әлеуметтік жағдайды, әрбір студентіміздің жағдайын ескере отырып, директорлар кеңесімен бекітіледі жыл сайын», – дейді Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ректоры Гүлмира Қанай.
Енді студенттерге ақпанның 20-нан наурыздың соңына дейін келіп оқудан басқа амал қалмады. Ал қалғанын жеңілдік ретінде жазғы демалыста аяқтау міндеттелген. Бұл жаңалықты естіген студенттер енді Білім министрлігіне арызданбақшы.