Қорқыт Ата атындағы университет студенттері грант жеңіп алды
ҚЫЗЫЛОРДА. 17 шілде. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің студенттері Темірлан Абжанов пен Саят Урикбаев 2 млн 600 мың теңгенің грантын еншіледі. Бұл туралы Қызылорда облыстық қоғамдық даму басқармасының ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Хабарланғандай, екі студент «CHEVRON» компаниясы ұйымдастырған «Sustainability Living Lab» жобалар сайысында озып шыққан.
«Smart Bench» − университетіміздің бас оқу ғимаратының алдына күн панельдері орнатылған орындықтар қоюға бағытталған жоба. Негізгі мақсаты − кампус ландшафтарын өзгерту, экологиялық мәселелерді тұрақты шешіммен қамтамасыз ету, университетіміздің инфрақұрылымының дамуына үлес қосу», − деді Саят Урикбаев.
Сайыстың шарты бойынша оқу орындарының кампусын дамытуға арналған 70-тен астам жоба келіп түсті. Соның ішінде 17 жоба үздік деп танылып, әрқайсысына 1 млн 300 теңге көлемінде арнайы грант берілді.
Тағы бір грант иегері Темірлан Абжанов тұрақты жылыжайға бағытталған жоба ұсынды. Оның мақсаты – органикалық қалдықтарды өңдеу арқылы топырақты құнарландыруға пайдалану. Сондай-ақ топырақтың төменгі қабаты арқылы суару әдісін қолдану және суару үдерісін автоматтандыру арқылы су шығынын азайтуды қарастырады.
Айта кету керек, «Sustainability Living Lab» жобалар сайысына Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің 6 білім алушысы қатысуға өтінім беріп, 4 жоба финалдық кезеңге өткен. Олардың арасынан жоғарыда аталған 2 студент грантқа қол жеткізді.
Жансая НҰРҚОЖА