Директорлар түнгі алау жанында пара алмауға ант береді
ӘНДІЖАН. 7 ақпан. Өзбекстанның Әндіжан облысында мектеп директорларының түнгі алау (костер) жанында тұрып, қызмет бабында пара алмауға ант берулері дәстүрге еніп жатыр. Бұл туралы K-News.kg хабарлады.
Әндіжан облыстық білім басқармасының бұл шарасы соңғы күндері әлеуметтік желіде қызу талқыға түсіп кетті. Ақпанның 3-і күні әндіжандық бір мектеп директоры 500 доллар пара алу үстінде қолға түскеннен кейін әлеуметтік желіде бұл облыстағы мектеп директорларының пара алмауға міндеттенетін «ар-намыс хатын» тапсыратындары жайлы әңгіме кеңінен тарай бастады. Мектеп директорларына түнде лаулап жанған алаудың жанында пара алмауға ант беру жүктелген болып шықты.
4 ақпан күні Әндіжандағы бір мектептің директоры «Озодлиқ» тілшісіне мұндай хаттың бар екенін растап берді.
«Әндіжан қаласындағы №41 орта мектептің директоры 3 ақпан күні шамамен кешкі алты кезінде 500 доллар пара алып жатқан жерінде қолға түсіп қалды. Осыдан кейін қаладағы барлық мектептер директорларының облыстық білім басқармасының басьығы Азизбек Миркомиловтың атына «ар-намыс хатын» жазулары керектігі жөнінде бұйрық келді. Жұмысымды ар-намыспен атқарып, еш уақытта пара алмайтыным туралы ант беруге арналған мұндай хатты мен де жазып бердім», – деді өзінің аты-жөнін атап көрсетпеуді сұраған бір мектеп директоры.
Әндіжандағы тағы бір мектептің директоры өз әріптесінің сөзін құптай отырып, бұған өз тарапынан мынадай әжуа қосты:
– Мұның бәрі жай көзбояушылық қой. Мен мұндай хатты Миркомилов тек жоғары жаққа есеп беру үшін ғана жазғызып отыр-ау деймін. Әйтпесе, бұл хаттың ешқандай да заңды күші жоқ.
Ол сондай-ақ «Алаудың жанында ант беру» рәсімінің де ықпалы аз екенін айтты.