Ғылым және жоғары білім министрі 1-курс студенттеріне өз кеңесін айтты
АСТАНА. 26 тамыз. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек биыл жоғары оқу орындарына оқуға түсіп отырған 1-курс студенттеріне үш түрлі кеңес берді. Бұл туралы Қazinform ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Министр мұнда ең маңыздысы оқу екенін бірден айтты.
«Біріншісі – оқу процесі. Соны аяққа тұрғызып алыңыз. Осы қатені көп адам жасайды, мен де жасадым – жаңа қалаға келіп жоғалып кеттік. Бірінші жыл өте маңызды. Оқу процесін әу бастан дұрыс жолға қоймасаңыздар, одан кейін қордаланып қалады, екінші, үшінші семестрде қиын болады», – деді ол.
Саясат Нұрбек жеткізген екінші кеңес – ақпаратпен жұмыс істеу дағдысын қалыптастыру.
«Қазір ақпарат өте көп. Кез келген дәрістен шыққан соң, бірнеше слайд, бірнеше кітап пен сілтеме болады. Оны жүйеге келтіретін өз тәртібіңіз болуы керек. Сондықтан цифрлық тәртіп немесе цифрлық қауіпсіздік өте маңызды», – деді министр.
Ақырында, үшінші кеңес денсаулыққа келіп тірелді.
«Үшінші кеңес – денсаулық. Тамағыңызды, күндік тәртібіңізді, денсаулығыңызды, су мен тамақ сапасын мұқият қараңыз. Сіздің денсаулығыңыз – тек қана сіздің өзіңіздің жауапкершілігіңізде», – деді Ғылым және жоғары білім министрі.
Еске сала кетейік, биылғы 2024-2025 оқу жылында мемлекеттік грант саны 94 мыңнан асып отыр. Оның ішінде 78 мың грант – бакалавриат студенттеріне, 13 мың грант магистратураға берілсе, 3 мың грант болашақ докторанттарға бөлінген.