АҚШ президенті Тоқаевты демократ президент деп таппады
ВАШИНГТОН. 30 қараша. АҚШ президенті Джо Байден Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың демократ екеніне сенбейтінін білдіріп, оны желтоқсанда өзінің басшылығымен өтетін демократтар жиынына шақырған жоқ. Бұл туралы «Гундогар» хабарлады.
Желтоқсанның 9-10 күндері виртуалды сипатта өтетін саммит демократиялық қоғамда кездесіп тұратын проблемалар мен оларды шешудің жолдары мәселесін талқылайды. Шара онлайн-конференция режимінде өтеді. Оның барысында әлем елдерінің басшылары өз дәулеттеріндегі және басқа мемлекеттердегі демократияны және адам құқығын қорғау мәселесіне қатысты өз ойларын кеңінен ортаға салуға мүмкіндік алады.
Саммитті ұйымдастырушылар оның қарсаңында халықаралық ұйымдардың өкілдерімен, демократиялы елдердің үкіметтері мүшелерімен, азаматтық қоғам белсенділерімен және жеке сектор тұрғындарымен кездесіп, көтеріліп отырған мәселеге байланысты консультация жасасады. Оларда негізінен халықты авторитаризмнен қорғау, жемқорлықтың алдын алу және онымен күресу, адам құқығын құрметтеуге ықпал ету деп аталатын үш мәселе бойынша пікір жинастырылады.
Қазірге дейін әлемнің 110 елінің лидерлері саммитке арнайы шақырылғаны белгілі болып отыр. Олардың тізімін АҚШ мемлекеттік департаменті өзінің сайтында жариялады.
Әлбетте, АҚШ президенті арнайы шақыру жібергендердің қатарында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев болған жоқ. Бірақ бұл тарапта жалғыз емес. Мұхиттың арғы жағындағы елдің қошеметіне бөлене алмай отырғандардың сапында оның сондай-ақ Қытай президенті Си Цзиньпин, Түркия президенті Тайип Реджеп Ердоған, Ресей президенті Владимир Путин, Венесуэла президенті Николас Мадура, КХДР басшысы Ким Чен Ын, Венгрия президенті Янош Адер, Беларусь президенті Александр Лукашенко, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеёв, Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан президенті Гурбангулы Бердымухамедов секілді «идеялас достары» да бар.
Саммитке Беларусьтің атынан 2020 жылғы преизидент сайлауының басты үміткері Светлана Тихановская қатысады. Ал бұрынғы Одақ елдерінен Украина, Армения, Грузия, Молдова, Литва, Латвия және Эстония елдерінің басшылары осы жиынның төрінен табылады.