Ауғанстаннан Өзбекстанға 158 әскери қызметкер мен босқын өтті
ТАШКЕНТ. 18 тамыз. Ауғанстан аумағынан 158 әскери қызметкер мен босқын өзбек жеріне қарай заңсыз өтті. Бұл туралы Өзбекстан бас прокуратурасының мәліметіне сүйенген ras.kz хабарлады.
Өз еріктерімен өткен босқындардың бәрі Термез ауданының тұсынан шекарасына көктей өткен. Әскери қызметкерлердің қолдарында қарулары болған.
«Өзбекстан бас прокуратурасы аталмыш фактілер бойынша Қылмыстық кодекстің 223-бабы 2-бөлігінің «б» тармағымен (Өзбекстан Республикасының шекарасына заңсыз кіру немесе заңсыз шығу) қылмыстық іс қозғады», – делінген хабарламада.
Бұдан бұрын, тамыздың 14-15-і күндері Ауғанстанның 22 әскери ұшағы мен 24 әскери тікұшағы Өзбекстан әуе кеңістігі тәртібін бұзғаын хабарланған еді.
Өзбекстан шекарашылары оларды Термездегі халықаралық аэропортқа қонуға мәжбүр етті.
Республика бас прокуратурасының хабарламасына қарағанда, әуе кемелерінің борттарында Ауғанстанның 585 қарулы әскери қызметкері болған.