Ауғанстан президенті елден қапшық-қапшық ақшамен кетті
КАБУЛ. 17 тамыз. Ауғанстан президенті Ашраф Гани ел астанасы аэропортынан іші ақшаға толы машиналармен бірге ұшып кетті. Бұл туралы РИА «Новости» хабарлады.
Айтушылардың сөзіне қарағанда, сөмкелердің үлкен болғандары соншалық, олар тікұшаққа сыймаған. Осылайша қаржының бір бөлігі әуежайда қалып қойған. Олардың біразы желге ұшып жатқанын көргендер де бар.
Бұдан бұрын хабарланғандай, 15 тамызда «Талибан» радикалды қозғалысының содырлары елдің астанасы Кабул қаласына басып кіріп, Ауғанстан территориясын тұтастай бақылауға алғандарын жарияаған. Тәліптер небәрі екі аптаның ішінде елдің басым бөлігін өз қарауларына қаратып үлгерді. Ал 15 тамызда олар ислам республикасының барлық шекаралық бекеттерін өз бақылауларына алды.
Президент Ашраф Гани осыдан кейін көп кідірмей елді тастап шықты. Ол мұны қантөгіс орын алмауы үшін жасағанын әлеуметтік желіде атап көрсетті. Бірқатар мәліметтер бойынша, саясаткер әйелі Руламен және екі кеңесшісімен бірге Өзбекстанға барып аялдаған. Аталмыш ақпарды тіпті Ганидің жеке күзетшісі де растады. Тағы бір мәнбелердің айтуларынша, бұрынғы президент Оманда немесе Тәжікстанда болуы мүмкін.
Алайда, Өзбекстан мен Тәжікстан бұл қауесеттерді жоққа шығарды. Қазақстан да ауған басшысының өздеріне келмегенін баяндады.