Тыва өз мемлекеттілігінің 100 жылдығын атап өтті
ҚЫЗЫЛ. 16 тамыз. Ресейдің Тыва республикасы кеше өзінің мемлекеттілігінің 100 жылдығын атап өтті. Бұл туралы ARD хабарлады.
Аталмыш даңқты оқиғаның салтанаты республикада коронавирус өріс алып тұруына байланысты онлайн форматында өткізілді.
«Тыва тұрғындары 15 тамызда ұлттық мемлекеттілікті алған күн – Тыва халық республикасы құрылуының жүз жылдық мерекесін тойлады», – делінген хабарламада.
«1921 жылғы тамыздың ортасында біздің халқымыздың өміріндегі тағдыршешті оқиғалардың бірі де бірегейі орын алды. Азияның дәл ортасында егемен мемлекет пайда болды. Бұл оқиға Тываның дамуына серпін берді. Ресеймен бірге. Бірақ ерте ме, кеш пе, біз бәрібір бір мемлекеттің күмбезі астында болатын едік», – деді Тыва басшысы Владислав Ховалыг.
Ол Ресеймен тығыз байланыстың арқасында, кейін оның құрамына кірудің нәтижесінде республиканың әлеуметтік-экономикалық дамудың жаңа мүмкіндіктерін алғанын әңгімеледі. Жүз жылдың ішінде тыва халқының саны 4,5 есеге көбейді.
Мерейтойды басында кең көлемде атап өту жоспарланған еді. Алайда, індеттің өршіп кетуіне байланысты оны онлайн тәртібіне көшіруге тура келді.
Тыва 1944 жылға дейін дербес, тәуелсіз мемлекет болып келді. Германия 1941 жылы КСРО-ға шабуыл жасағаннан кейін бірнеше сағаттан соң Тыва оған қарсы соғыс жариялады. Сөйтіп, Қызыл Армияға қолдан келгенінше көмектесті. Кеңес Одағы халықтарымен бірге тывалар да осы соғысқа қатысты. Республика әскерлерді түрлі тұрмыстық жабдықтармен қамтамасыз етті.
Ал 1944 жылғы 11 қазанда Тыва КСРО-ға өз еркімен қосылды.
Тыва халқы түркі жұртына жатады. Бұрын ол «сойот» деп аталған. Түркі тілдерінің аралық тобына кіреді. Бұл топта алтайлар, хакастар, шорлар, барабы татарлары, тофалар, телеуіттер, төлеңгіттер, құмандылар, сондай-ақ қырғыздар бар. Будда дінін ұстанады. Тәңірі дініндегілері де кездеседі. Халқының саны қазір 300 мыңдай болады.
Қазір Ресей Қорғаныс министрлігін басқарып отырған Сергей Шойгу осы тыва халқының төл перзенті болып табылады.