РФ армиясы соғыста жеңу үшін шамандарға жағдай айта бастады
КЫЗЫЛ. 22 маусым. РФ қорғаныс министрі Сергей Шойгудың туған жері – Тывада бүкіл республикадағы шамандар жиналып, Ресейге Украинадағы соғыста жеңіске жетуді тіледі. Бұл туралы ТАСС ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Тыва бақсылары сондай-ақ әруақтардан ресейлік соғысқұмар лаңкестерге сол істі атқарып шығу үшін зор денсаулық пен күш-қуат беруді сұрапты.
Шара РФ қорғаныс министрінің инициативасы бойынша ұйымдастырылған сияқты.
Тываның түкпір-түкпіріндегі айылдардан жиналған шамандар жазғы күннің толысқан шағында, сәрсенбі күні таңертең жалбарыну салтын өткізген. «Бұл – әруақтарды шақырып, олардың қолдауына ие болуға мүмкіндік беретін, қуаты жағынан өте күшті күн», – деп түсіндірді Тыва шамандар діни ұйымының өкілі Адыг-Ээрен агенттік тілшісіне.
Тыва республикасында шамандардың әруақтармен тілдесетін, яғни «камлан» жасайтын нүктесі Монгун-Булак деген жерде орналасқан.
«Шамандар барша адамзат баласына игілік тілесе, біздің жауынгерлеріміздің арнайы соғыс операциясында жеңіске жетулерін және оларға денсаулық сұрады», – деді ұйымдағылар.
Тывада барлығы 11 шаман ұйымы тіркелген. Сондай-ақ Ресейдің жоғарғы шаманы Кара-оол Допчун-оол осы өңірде тұрады.
Тыва – Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгудың тарихи отаны, туып-өскен жері. Бұл өлке Ресейдегі тұрмысы жақсы аймақтардың бірі болып саналады. Бірақ республика халқының 34,1 пайызын қазір сіңірі шыққан кедейлер құрайды.
«Дегенмен, қорғаныс министрі өзінің демалысын осы республикада өткізіп тұрғанды жақсы көреді. Көбіне ол мұнда президент Владимир Путинді ертіп келеді. Шойгу бұл жерде мемлекет басшысымен бірге тынығуға арналған бірнеше жабық нысандар салдырып тастаған», – деп жазады «Проект»
«Соғыс басталғаннан биылғы 12 маусымға дейін Тывадан кемінде 322 боздақ опат болды», – деп атап көрсетті «Медиазона». Алайда украин жерінде жанын оққа байлап қайтқан марқұмдардың нақты саны бұдан бірнеше есе көп екенін «Важные истории» жазып жатыр. Портал сонымен бірге, соғыста қаза тапқандарға берілетін төлемақы мұнда қыстық отын түрінде, кейде қой сипатында таратылып келе жатқанын да баяндайды.
Ал соғысқа дейін тыва халқы Сергей (Сергек) Шойгуды аңыздар кейіпкерлері деңгейіне дейін жеткізген бірнеше батырлар жырын да шығарып үлгеріп еді.