Ресей өңірлерінде қылмыс пен зорлық оқиғалары шектен шығып тұр
МӘСКЕУ. 19 маусым. Ресей өңірлерінде қылмыстық оқиғалар мен зорлықтың айрықша өршіп тұрғанына елдің насихаттық мәтбұғаттары да қайран қала бастады. Бұл туралы «Комсомольская правда» ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Ресей бұқаралық ақпарат құралдары мұндай сұмдықтардың, әсіресе, Тывада ерекше екпін алғанын жазып жатыр. Таулы автономиялы республикада қатыгез Ресейдің өлшемімен алғанда да, тым шектен шыққан жайттар жиі көрініс береді.
Ресейде бұрынғы қорғаныс министрі Сергей Шойгудың атамекені – Тывада жағдайдың қиын екені қазір ашықтан-ашық айтылуда. Жігіттері Украинадағы соғысқа жаппай барып жатқан республикада жұмыссыздық, жоқшылық, отбасылық зорлық-зомбылық пен маскүнемдік кеңге етек жайған. Республикада алкоголь өнімдері тәулігіне 4 сағат қана сатылатындығына қарамастан, мұндағы жұрттың бәрі күн сайын араққа тойып алып, ақыл-естері алжасқан кейіпте жүреді. Ал әйел зорлау деген тіпті жергілікті дәстүрге айналып кеткен сияқты. Өңір бұл көрсеткіш бойынша Ресей өңірлері ішінде бірінші орында тұр. Зорлықшылар аз жылдық жазамен түрмеге отырып шығады.
«Комсомольская правда» радиосының тілшісі Владимир Ворсобин су түбіне батып бара жатқан республика жайлы әңгімелеп берді. Ол өңірде неге мұндай сұмдық көріністер жиі орын алатыны жөніндегі сұраққа «Тывада өркениет жоқ» деп жауап берді. Мұнда жүдә темір жол да келмеген. Түкпірдегі тау басындағы аймақ. Кезінде Путин шойын жол тартқызуға уәде еткен екен. Бірақ ол үшін бұдан да маңызды шаруа – Украинаға соғыс ашу мәселесі шығып қалды да, бар қаржыны ойланбастан солай қарай аудара бастады. Сөйтіп, Кызыл (Тыва астанасы) мәселесі тағы да кейінге ығыстырылып кетті.
Түркі тілдес тыва халқы қазір түгелге жуық маскүнемдіктің жолына түсіп кеткенімен, республика тұрғындары арасында туу процесі жоғары орын алады. Себебі, Ресейде туған әр бала үшін 15 000 рубльден қаржы беріледі. Тывалар осының өзін өте көп ақша санайды.
Ертеректе, кеңес кезеңінде Ресейдегі ең қауіпті аймақ болып Хакасия саналушы еді. Қазір бұл «мәртебе» тағы бір түркі жұрты – Тываға көшкелі де біраз уақыт өткен.