Ташкентте Өзбекстан Олимпиада жүлдегерлеріне құрмет көрсетілді
ТАШКЕНТ. 10 тамыз. Кеше түнде Ташкент аэропортында Токио Олимпиадасына қатысқан Өзбекстан спортшылары зор құрметпен қарсы алынды. Бұл туралы CentralAsia.uz хабарлады.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Ойындарда 3 алтын және 2 қола медаль жеңіп алған өзбек спортшылары командалық есепте 32-орынға орналасты. Олар посткеңестік елдер арасында – екінші, түркітілдес мемлекеттен арасында бірінші орын алды.
Олимпиадашыларды Өзбекстан премьер-министрі Абдулла Арипов пен Сенат спикері Танзиля Норбаева бастаған Үкімет мүшелері, БАҚ өкілдері, спортшылардың ата-аналары мен туған-туыстары және жанкүйерлер қауымы күтіп алды.
Делегацияға сәлем берген спортшылар журналистерге сұхбат берді, Ойындар жөніндегі ойларын ортаға салды.
Олимпиадада қола медаль алған еркін күрес шебері Бекзод Абдурахманов алда өтетін әлем чемпионатын асыға күтетінін, мұнда кеткен есесін сол жолы қайтаруға күш салатынын айтты. Алтын медаль иегері, ауыр атлет Акбар Жураев 2024 жылы Парижде жалау желбірететін Ойындарда да чемпиондық үшін күресетінін мәлімдеді.
Кездесу кезінде Олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне бағалы және ақшалай сыйлықтар тапсырылды. Атап айтқанда, жеңімпаздарға бір-бір «Таhoe» автомобилі, үш бөлмелі пәтер және 200 000 доллар көлемінде қаржы берілді. Ал қола жүлдегерлер «Trailblazer» машинасы мен 50 000 доллардан ақшалай сыйлық алды.