Қарағандының «Шахтері» Еуротурнирде тарихи жеңіске жетті
АСТАНА. 11 тамыз. Кеше түнде «Астана-Арена» спорт кешенінде Қарағандының «Шахтер» футбол командасы Украинаның «Колос» клубын матчтан кейінгі пенальтиде ұтып, УЕФА Конференциясы лигасының келесі кезеңіне өтті. Бұл туралы rast.kz хабарлады.
Негізі, бұл турнир биыл бірінші рет өткізіліп отыр. Ал «Шахтер» Еуротурнирде соңғы екі матчын онбірметрліктер сериясы арқылы жеңіспен аяқтаған бірінші қазақстандық жасақ атанды.
Қарағандылық футболшылардың мұның алдында Румынияның ең атақты «Стяуа» клубымен өткен екі ұшырасуының қорытындысында жеңімпаз анықталмаған еді. Олардың Бухаресте өткен бірінші кездесуінде алаң иелері 1:0 етіп ұтса, Астанада өткен қарымта матчында кеншілер 2:1 есебімен жеңіп шықты. Сөйтіп, екі ойынның қорытындысы 2:2 болды. Ал пенальтилер топтамасында біздің жігіттер 5:3 есебімен басым түсті.
«Шахтердің» Украинаның «Колос» (Ковалевск) командасымен сырт алаңда ойналған бірінші матчында есеп ашылмады. Дәл сондай жағдай Астана стадионында да қайталады. Содан кейін қарсыластар пенальтиден бақ сынасты. Мұнда қарағандылықтардың қақпашысы Игорь Шацкий өз дарбазасына қарай ұрылған 4 доптың 3-ін қайтарып, командасын жеңіске жеткізді. Бұл кезде кеншілер 3:1 болып алда тұр еді.
Осылайша «Шахтер» топтық ойынға ілінуге жақындап қалды. Енді ол «Спартак» (Трнава, Словакия) – «Маккаби» (Тель-Авив, Израиль) командаларының қай жеңгенімен кездеседі. Бұлардың Словакияда өткен бірінші матчтарында да есеп ашылмаған болатын. Егер осы жолы тағы да жеңіс тұғырынан табылса, қарағандылықтар тарихта тұңғыш рет топтық кезеңде ойнайтын болады.