Токио-2020: Қырғызстан бір күнде 1 күміс, 1 қола медаль алды
ТОКИО. 4 тамыз. Кеше Токио кілемінде Қырғызстан палуандары бір күміс, бір қола медаль жеңіп алды. Бұл туралы K-News.kg хабарлады.
Қырғыздар осылайша 2008 жылдан кейін бірінші рет қоржындарына медаль салды.
Кешелі бері Алатооның арғы бөктерінде ұлан-асыр той болып жатыр.
Алдымен Токио кілемін келгеннен шулатқан саңлақтардың бірі – грек-рим күресінің палуаны Ақжол Махмудов (екінші суретте) 77 килоға дейінгі салмақта күміс медальды омырауына ілді. Ол финалда венгер Тамаш Лоринцтен 1:2 болып ұтылып, алтын медальдан соңғы сәтте айрылып қалды.
Қырғыз спортшысы турнирді өте күшті бастады. Бұл салмақта 16 палуан болды. Сондықтан олар шайқасты 1/8 финалдан өрбітті. Ақжол өзінің бірінші белдесуінде тунистік Маафи Ладжедті 11:0 етіп тізе бүктірді. Сосын 1/4 финалда әзербайжан Рафиг Гусейновпен белдесіп, оны 9:1 етіп ұтты. Ал жартылай финалда армян Карапет Чаляннан басым түсті.
Бұдан кейін әйелдер кілеміне шыққан Мээрим Жуманазарова (төменгі суретте) Олимпиаданың қола медалін жеңіп алды. Ол жұбаныш белдесуінде Әзербайжан өкілі Элис Манолованы 4:1 етіп жеңсе, қола медаль үшін таласта моңғол Баттсетсег Соронзонболдты 10:1 есебімен ұтып шықты.
Осы екі медальдан кейін Қырғызстан құрамасы жүлдегерлер кестесіне еніп, бірден 64-орыннан бір-ақ шықты.
Бүгінге дейінгі мәлімет бойынша командалық есепте 32 алтын, 21 күміс, 16 қола медаль жеңіп алған Қытай құрамасы бірінші болып келеді. Екінші орынға 24 алтын, 28 күміс, 21 қола медалі бар АҚШ көиерілді. Ал Жапония 19 алтын, 6 күміс, 11 қола медальмен кестеде үшінші болып тұр.
Бұрынғы кеңестік республикалар арасында бесінші орындағы Ресей спортшылары топ бастады.Бұдан ары біздің тәуелсіз елдер мынадай ретпен орналасты: 28.Өзбекстан, 33.Грузия, 49.Беларусь, Эстония, Латвия, 58.Армения, 61.Украина, 64.Қырғызстан, 70.Түрікменстан, 75.Әзербайжан, Қазақстан. Әлі медаль алмаған кеңестік республикалар арасында Тәжікстан, Молдова және Литва бар.