Қалмақстан басшысы қалмақ тілін сақтау шараларын қарады
ЭЛИСТА. 23 шілде. Ресейдің Қалмақстан автономиялы республикасының басшысы Бату Хасиков қалмақ тілін бұйрық беру жолымен дамытқан дұрыс деп санайды. Бұл туралы РИА «Калмыкия» хабарлады.
Тілді сақтап қалу жөнінде өткен кеңесте ол осындай ой білдірді.
«Біз қалмақ тілін жүйелі түрде дамытуды жалғастырамыз. Мектептерге, мұғалімдерге және тәрбиешілерге көмек көрсетеміз, жаңа кітаптар мен оқу құралдарын сатып аламыз және дайындап шығарамыз, жас мамандарды даярлаймыз. Бірақ қол жеткенмен тоқтап қалмаймыз», – деп атап өтті Хасиков.
Кеңесте Қалмақ тілін дамыту орталығына қолдау көрсетуге айрықша назар аударылды. Аймақ басшысы бірінші кезекте осы орталықтың қызметкерлері үшін барлық жағдай жасалатынына тоқталды, қазіргі таңда кең баспанаға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу аяқталып келеді, заманауи жабдық-жарақтар салып алынуда. Бұдан әрі кадрмен қамтамасыз ету мәселесін қарастыру жоспарда тұр.
Қалмақстанда сондай-ақ қалмақ тілді радио іске қосылмақшы, жаңа баспахана ашу жөнінде инвесторлармен келіссөздер жүргізілуде.
Жиынның соңында Бату Хасиков қалмақ тілінде жұмыс істейтін адамдарға қолдау көрсету шараларын қарастырды.
«Бізде мұғалімдер мен тәрбиешілерге аймақтық төлем төленеді, енді оның да ауқымын ұлғайтуымыз керек. Әріптестеріме осы мәселе бойынша жұмыс жасауды тапсырамын. Бұйрық беру тәртібімен жүргізілген жұмыстың қалмақ тілін жаңғыртуға көмегі тиетініне сенімдімін», – деді ол.