Украинада орыс тілінің қолданыс аясы күрт тарылтып жіберілді
КИЕВ. 18 шілде. Украинада орыс тілінің қолданыс аясын тарылтып, украин тілінің позициясын заң жүзінде нығайта түсуге арналған шешім қабылданды. Бұл туралы «Национальный акцент» хабарлады.
Елде «Украин тілінің мемлекеттік тіл ретінде қызмет етуін қамтамасыз ету туралы» заңға енгізілген түзету бүгін күшіне енді. Ол «украин мованың» позициясын күшейтумен бір мезгілде орыс тілінің қолданылу шеңберін шектей түседі.
Бұқаралық ақпарат құралдары хабарлағандай, бұдан былай Украина территориясында көрсетілетін барлық фильмдер, – соның ішінде тіпті кеңестік кезеңде түсірілген картиналар да бар, – тек қана украин тілінде «сөйлеуі» керек немесе украин дубляжымен берілуі тиіс.
Бұдан бөлек, Украинада қойылатын барлық концерттер мен ойын-сауық шоулары, барлық көрмелер мен экскурсиялар, барлық спектакльдер мен шаралар бүгіннен бастап тек қана украин тілінде жүргізіледі. Кітап дүкендеріндегі кітаптардың да басым бөлігін украин тіліндегі фолианттар құрауы қажет.
Билік органдарындағы лауазымдарды алуға үмітті мамандардың бәрі енді украин тілін қаншалықты жетік білетіндері жөнінде емтихан тапсыратын болады. Егер үміткер керекті балл мөлшерін жинай алмаса, оның сынақтан қайтара өтуге дайындалуы үшін төрт ай уақыт беріледі. Сол сияқты Украина азаматтығын алғысы келетін талапкерлердің барлығы алдымен украин тілінен емтихан тапсыруға міндетті.