Еуро-2020. Италия екінші мәрте Еуропа чемпионы атанды
ЛОНДОН. 12 шілде. Италия құрамасы Англия терме жамағатын пенальтилер сериясында ұтып, өзінің тарихында екінші рет «кәрі құрлық» чемпионы болды. Бұл туралы rast.kz хабарлады.
Еуропа чемпионатының жартылай финалдық ойындары тәрізді, финалдық матчы да Лондонның «Уэмбли» стадионында өтті. Кездесудің негізгі уақыты 1:1 есебімен тең аяқталды. Бұдан кейінгі овертаймда есеп өзгермеді. Сосын матчтан кейінгі пенальтилер сериясына кезек келді.
Кездесуді стадионда 67 173 көрермен тамашалады. Ойынға нидерландтық Бьорн Кейперс қазылық етті.
Ұшырасудың 2-минутында «Манчестер Юнайтедтің» 25 жастағы қорғаушысы Люк Шоу есеп ашты. Ол осылайша Еуропа біріншілігінде ең жылдам гол соққан ойыншы атанды. Итальяндар жауап допты тек 67-минутта ғана соға алды. Таразы басын «Ювентустың» 34 жастағы қорғаушысы Леонардо Бонуччи теңестірді. Ол құрлық додасының финалдық матчында гол соққан ең кәрі ойыншы деген атаққа ие болды.
Бірақ бұған дейінгі уақыт аумағында Италия құрамасы қарап қалған жоқ, ол үздіксіз шабуылдаумен болды. Турасын айтқанда, ойынның алғашқы минуттарында белсенділік танытқан ағылшындар гол соғып алғаннан кейін біртіндеп басыла берді. Олар бірінші таймда қақпаға туралап бір рет қана доп ұра алды, оның өзі голға айналып кетті. Ал итальяндар мұндай мүмкіндікке кемінде 5 рет қол жеткізді.
Тағы бір айта кететін нәрсе, Англия құрамасының бас жаттықтырушысы Гарет Саутгейт финалдық матч үшін сақ ойнау тактикасын таңдап алған екен. Алайда, жылдам салынған гол онсыз да сүреңсіз ойнайтын ағылшындардың шабуылдағы белсенділігін күрт түсіріп жіберді. Бұдан кейін намысқой итальяндардың әйгілі мінезі шешуші рөл атқарды. Олар осыдан бастап инициативаны мықтап қолға алды. Осылайша Роберто Манчинидің командасы үзіліске дейін-ақ қарсыластарына допты көп ұстата қойған жоқ. Бұдан әрі Пиреней түбегінен келген жігіттердің айдындары аса берді. Олар бәсекелестеріне қарағанда, әлдеқайда отты да жігерлі көрінді, ойындары да тартымды болып жатты. Осындай комбинациялы қимылдар барысында итальяндар ақыры таблодағы есепті теңстіріп алды. Дегенмен, екінші таймның қалған уақытында да, овертаймда да командалардың алға шығуларының сәті келмеді.
Матчтың пенальтилер сериясынсыз бітпейтіні белгілі болғаннан кейін Саутгейт алаңға Рэшфорд пен Санчоны шығарды. Мұның бұл шешімінің үлкен қателік болғанына көп ұзамай көп жетті. Пенальтилер соғу барысында бұлардың екеуі де мүмкіндіктерін мүлт жіберді, бірі – добын қақпа бағанына тигізсе, екіншісінің соқықысын дарбазашы қайтарды.
Айта кету керек, екі голкипер – итальян Джанлуиджи Доннарумма да, ағылшын Джордан Пикфорд та арыстанша алысты, екеуі де екі реттен өз қақпаларын қорғап қалды, мәселенің бәрін Маркус Рэшфордтың бағанға дәлдеп тебуі шешіп кетті. Сөйтіп, екі рет мүлт кеткен итальяндар үш рет ұшқарылық көрсеткен ағылшындарды ұтты.
Осы жеңіс арқылы Италия құрамасы Еуропаның екінші мәрте чемпионы атанды. Ол алғаш рет мұндай биікке 1968 жылы көтерілген еді. Бұдан бөлек, 4 дүркін әлем чемпионы, 1 мәрте Олимпиялық ойындар чемпионы деген атақтары бар. Ал 1966 жылы өз елінде өткен әлем чемпионатында қосымша уақытта Германия командасын 4:2 етіп ұтып, чемпиондыққа қол жеткізген басқа бірде-бір ірі жетістігі жоқ, құрлық чемпионатының финалына да бірінші рет шығып отырған Англия командасы бұл жолы да құр алақан қалды.
Прагматик Гарет Саутгейттің командасы құрлық чемпионатында Германияны 2:0, Украинаның 4:0 етіп ұтқан кездесулерден басқа матчтардың бәрінде көңілсіз ойын көрсетті. Егер құрама ақыр соңында чемпиондыққа қол жеткізген болса, коучтың бұл тірлігі кешірілген де болар еді, бірақ енді оның құрама тізгінінде қала беруі қиын шығар.
Пенальтилер сериясы 3:2 | |
Доменико Берарди, (1:0) | Харри Кейн, (1:1) |
Андреа Белотти, (1:1 – қақпашы) | Гарри Магуайр, (1:2) |
Леонардо Бонуччи, (2:2) | Маркус Рэшфорд, (2:2 – баған) |
Федерико Бернардески, (3:2) | Джейдон Санчо, (3:2 – қақпашы) |
Жоржиньо, (3:2 – қақпашы) | Букайо Сака, (3:2 – қақпашы) |