Жазушы Давид Диоп Букер сыйлығының лауреаты атанды
ЛОНДОН. 3 маусым. Франциялық қара нәсілді жазушы Давид Диоп Халықаралық Букер сыйлығының лауреаты болып танылды. Бұл туралы ТАСС хабарлады.
Лауреаттың есімін Англияның Ковентри қаласындағы Кофедра соборында қазылар алқасының төрағасы, британ жазушысы Люси Хаджес-Холлетт ханым жариялады.
Франция жазушысы аталмыш сыйлықты әдебиет саласында ағылшын тілінде жазылған романдар аталымы бойынша жеңіп алды. Оның романы «Жанға жақын жан» деп аталады.
Француз тілінен ағылшын тіліне ақын және жазушы Анна Московакис аударған бұл кітапта Давид Диоп Бірінші дүниежүзілік соғыс пен отаршылдық үстемдік кезеңдерін суреттейді. Әңгіме Францияның бұрынғы африкалық отар елдерінен шыққан көптеген халықтардың өкілдері сияқты француздар жағында соғысқа қатысқан сенегал солдатының төңірегінен өрбиді.
Диоптың өзі Парижде туған, бірақ балалық шағының біраз бөлігін Сенегалда өткізіп барып, Францияға қайта оралған. «Жанға жақын жан» – 55 жастағы жазушының шығармашылық саласындағы екінші кітабы. Ол 2018 жылы жарыққа шыққан бойда француздың Гонкур сыйлығына ұсынылды. Сыйлықтың дәстүрі бойынша оған екі мыңға жуық жоғары сынып оқушылары дауыс берді. Бірақ қазылар алқасы сыйлықты келесі бір үміткер – Николь Матьенің «Олардан кейінгі балалар» деген романына беріп жіберді.
«Бұл – соғыс, махаббат және ессіздік туралы керемет әсер ететін күші бар тарих. Басты кейіпкерге сиқырмен айналысты деген айып таңылады, ондағы әңгіме оқырманға қатты әсер етеді», – дейді қазылар алқасының басшысы Диоптың романы туралы. «Біз, төрешілер, оның сиқырлы прозасының әсер етуші күші керемет екенін мойындадық», – деді ол тағы.
Люси Хаджес-Холлетт шорт-параққа енген алты кітаптың барлығының да аталмыш сыйлыққа лайықты екенін атап көрсетті. Солардың арасында орыс жазушысы Мария Степанованың «Жад жады» деген эссе-кітабы да бар. Қазылар алқасының райысы бұл туындыны «ғажайып» деп бағалады.
1969 жылы тағайындалған Букер сыйлығынан бұрынғы Британия бірлестігіне кіретін елдер жазушылары үшін белгіленген Халықаралық Букер сыйлығының елеулі айырмашылығы бар. Ол 2004 жылдан 2016 жылға дейін екі жылда бір рет беріліп келді. Қазір жыл сайын тапсырылады. Ағылшын тіліне аударылған және Корольдік бірлестікте немесе Ирландияда жарияланған кез келген роман оның лауреаты атана алады. Сыйлықтың ақшалай мөлшері – 50 мың фунт стерлинг (70,8 мың доллар). Оны роман авторы мен аудармашы тең бөліп алады.